Петропавлда шенеуніктер соғыс ардагерінің жәрдемақысын бермей жүр

Соғысқа 1944 жылы Есіл ауданынан кеткен Василий Порядин араға он жыл салып қана елге оралыпты. Ерліктері үшін алған ордендер мен медальдарын мақтан тұтады. Бірінші Балтық майданында фашистерді қырған ол бүгінгі шенеуніктермен шайқасып шаршаған. Өйткені соғыс ардагерлеріне ғана арналған ай сайынғы жәрдемақыны қарашада әрең алдым деп отыр. Бұл шамамен отыз мың теңге.

Василий  Порядин, Ұлы Отан соғысының ардагері:

-Сұрамаңдар, ол ақшаны алмайсыңдар деп сілемді қатырды. Айтуларынша бұл қаржы Жеңістің 70 жылдығын тойлауға жұмсалатын болыпты. Облыс әкіміне хат жазған соң ғана отыз мың теңгемді әкеп берді. Ал ай сайынғы коммуналық жәрдемақым қайда? Оны бір жылдан бері мүлдем көрген жоқпыз.

Қарияның коммуналдық жәрдемақы деп отырғаны ай сайын ардагерлерге отын көмірге деп берілетін 7400 теңге. Айтуынша, шенеуніктер оны жылдың басынан мүлдем төлемеген. Ал  атқамінерлер болса бұл қаржы  Үкімет қаулысына сай жылына бір рет Жеңіс мерекесі күні ғана берілетін болды дейді. Алайда алдағы мамырға дейін кім бар, кім жоқ деп отырған қарттар қаржыны ай сайын алғысы келеді.

-Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 296 ардагер тұрады. Бұған дейін олардың бәрі ай сайын 7400 теңге коммуналдық жәрдемақы алып келген. Биылғы қаржыны шенділер 9 мамыр күні  бір реттік көмек ретінде 92 мың теңгеден өтеп қойғанбыз дейді. Алайда қариялар мұны заңды жәрдемақы емес, мерекеге арналған сыйақы деп қабылдапты.

Түсінбеушіліктің бәрі осыдан басталған. Қаржыдан қағылдық деген ауданның 16 ардагері облыс әкімінің сайтына шағым жазыпты. Ардагерлердің өкпесін ескерген әкімдік енді аудан бюджетінен ай сайынғы жәрдемақыға деп қаржы қарастырған көрінеді.


Төлеген Божықаев, Есіл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

-2015 жылдан бастап біз ардагерлерге  Жеңістің 70 жылдығына орай бір реттік көмек ретінде 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша береміз. Ардагерлер шағымдана берген соң біз коммуналдық жәрдемақыны да ай сайын төлейміз деп шештік. Алайда оның сомасы бұрынғыдай 7400 теңге емес, шамамен 4 мың теңге болады.

Бұл Есіл ауданы шенділерінің ардагерлерге өздерінше жасаған шарапаты. Оның өзін кейбір аудандар «бюджетте ақша жоқ» деп кесіп тастапты. Айтуларынша, жыл сайын 9 мамырда қарияларға түрлі шаруа қожалықтары мен іскер жандар тарапынан жеткілікті мөлшерде қаржылай көмек көрсетіледі екен.