Петропавлда шенеуніктерге алдандық деген жүздеген отбасы шу шығарды

Шаһардың қақ ортасында тұрған мына үйлердің бәрі өткен ғасырдың 50-ші жылдары салыныпты. Көбінің тозығы жеткен. Алайда тұрғындардың не баспананы кеңейтуге, не ауласына сарай тұрғызуға да құқылары жоқ. Өйткені бұл ауданда қаланың бас жоспары бойынша үш балабақша бой көтермекші. Ол үшін жаңа жол да төселіп жатыр.

-Салынып жатқан мына жолдың құрылысы үшін шенділер 15 үйді сүріпті. Олардың иелеріне жайлы пәтер берілген немесе ақашалай өтемақы төленген. Енді осы маңдағы 83 үйдің қожайыны да дәл осындай бақытқа қашан қол жеткіземіз деп армандайды.

Қолдарына әкімдікпен жасаған келісім-шарттарын ұстап, ашуға булығып тұрған мына кісілер сол үйлердің иелері. Биылғы қаңтарда шыққан қала әкімінің қаулысына сәйкес, үйлері мен жерлері мемлекет меншігіне алынбақшы. Әрбір учаскенің құны да анықталған. Тұрғындарға қалауынша жайлы пәтерлер немесе 4 миллион теңгедей ақшалай өтемақы берілуі тиіс. Алайда дүйсенбі күні әкімдіктен қоңырау шалып, суыт хабар жеткізген.


Рауза Қазиақбарова, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Хабарласып қысқа дайындала беріңіздер деді. Ештеңе айтқан жоқ, қашан бұзылады, бұзылмай ма. Төбені жөндеу керек. Білмейміз енді .

Ал қалалық әкімдіктегілер шынымен де телефон шалып, халықты ескерткендерін айтады. Олар бұл үйлер міндетті түрде бұзылады, бірақ нақты қашан екенін дөп басып айта алмаймыз дейді.

Тілеубай Есжанов, Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

-Ол бюджетке байланысты. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінетін болса онда ол алынады.

Атқамінерлердің сөзіне алданып, сан соғып қалған қараша енді бүгіннен бастап отынын қамдауға кірісті.