Үйлерін су басқан петропавлдықтар қазір туыстарын жағалауға мәжбүр. Кешқұрым басталған жауыннан соң су лезде көтеріліп, үйге лап қойған. Ал, қаладағы арық жүйелері өзен боп аққан суды өткізіп үлгермепті. Сөйтіп, таң атқанша аула, үй, қора-қопсы белшеден суға батқан. Жемісін енді жейміз бе деп отырған бау-бақшаның да көретін жері жоқ.
Николай Киселев, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Өсіріп жатқан, барлық бақшам суға кетті. Сарайдағы құрал-жабдығым да қалды. Енді, мұның бәрін қалпына келтіру керек.
Жұрт көптен бері аптап ыстықтан қорғанып жүрген. Бұлай дүлей дауыл соғып, соңы нөсерге ұласады деп тұрғандар ойламаған да екен. Ал айналдырған үш сағат ішінде жауынның бір айлық мөлшері түсіпті. Қазір қаладағы 130 үй малмандай су ортасында тұр. Коммуналдық қызмет мамандары мұнда 2 күннен бері жұмыс істеп жатыр. Бірақ, судан толығымен құтылу әзірге мүмкін емес сыңайлы.
Серік Мусин, тазарту кешенінің басшысы:
- Жаңбыр деген, су деген, тасқын деген өте ауыр жағдай.Бір уақытта көп жаңбыр жауғаннан кейін үлгере алмадық кішкене суды соруға.
- Келесі екі күнде қалғанының бәрін қолға алып, бәрін орындаймыз.
Бірақ олардың жұмысы тұрғындардың көңілінен шығар емес. Әбден ашынған жұрт 2 күннен бері әкімдікті де, коммуналдық қызметті де айналшықтап жүр. Айтуларынша, барлық бәле осы мекемеге тиесілі техниканың істен шығуынан болған. Құрғату сорғыларының жөнді жұмыс жасамауының арты тасқынға әкелді дейді тұрғындар.
Елена Шмакова, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Коммуналдық мекемені сотқа бергіміз келеді. Жасаған жұмыстары шала. Шыдамымыз таусылды. Міне, қолымызда барлық құжаттарымыз бар. Тасқын туралы, су басқан үйлер туралы акт жасадық. Барлық тұрғындар қолдарын қойды.
Зардап шеккен петропавлдықтар қазір адвокат жалдап жатыр. Тіпті олар, мамандарды шақырып, келген шығынды есептеуге кіріскен. Олар енді жарамсыз жиһаз бен жарамсыз болып қалған бау-бақшаның ақысына сот арқылы өндіріп алмақ.
Loading...