Петропавлда төсек тартып жатқан анасын туған ұл-қызы тастап, Ресейге көшіп кетті

Жасы сексенді алқымдаған Надежда Подлесная наурызда ауруханадан шыққалы бері осылай жатыр. Көршілері ас-суына ғана қарайласады. Ал жатқан жерінде дәрет сындыруға мәжбүр кемпірдің көрпе-төсегін жуып, өзін шомылдыратын адам жоқ. Қазір қарияның бөлмесі түгілі, жағымсыз иіс жатақхананы түгел жайлап кеткен. 

Инна Волчкова, Петропавл қаласының тұрғыны:

-Ол жүрмейді, жуынбайды. Түні бойы айғайлап, жедел жәрдем шақыруымызды сұрайды. Иістің кесірінен ас іше алмайтын жағдайға жеттік.

Қария бұған дейін ұл-қызымен Ақтауда тұрыпты. Ондағы пәтерін сатып жіберген балалары аналарына Петропавлдағы осы жатақханадан бір бөлме әперген. Сөйтіп, өздері Ресейге көшіп кетіпті. Көршілері оларды әлеуметтік желіден тапқан екен.

Жанна Елтаева, Петропавл қаласының тұрғыны:

-Интернетке жаздық. Олар айтады, біз онымен тұра алмаймыз. Сендер зейнетақыны алыңдар, күтушіні өздерің іздеңдер дейді. Тіпті     бізге керек жоқ деп ашығын айтты.

Биыл қыста дәлізде құлап, омыртқасын сындырып алғанша зейнеткердің өзі күтінетін. Төсек тартып қалғалы көршілері түрлі мекемелерге шағымданып, оны қарттар үйіне әкетуді талап етіп жүр. Қазір қалалық жұмыспен қамту бөлімінің мамандары Подлеснаяның құжаттарын жекеменшік қарттар үйіне дайындап жатыр екен. Өйткені мемлекеттік мекемеге кезек көп көрінеді. 


Аққанат Жәкенова, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

-Ол жерде қарияның зейнетақысының бір бөлігі кемпірді күтуге кетеді. Қалғаны қолына тиеді. Онда медицина қызметкерлері  бар. Қариялардың күтімдері жақсы. Ас-суы, жатын орны – бәрі жақсы. 

Жекеменшік қарттар үйіне орналастыру үшін біршама құжат жинау керек екен. Шенеуніктер алдағы бір-екі күнде барлық мәселелер реттеліп,   қарияның тағыдыры шешіледі деп сендірді. 

Loading...