Александр Квитининнің мына көлікті паналап отырғанына екінші күн. Капоттың үсті ас үй, салонның іші жатын бөлме.
- Неше күн болды осылай отырғандарыңызға?
-2 тәулік.
Мектеп маңында өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем күн сайын кезекшілік етіп жүр. Спорт залға үйілген мына төсек-орынды Төтенше жағдайлар қызметі әкелген. Әзірге мектепке түнеуге тілек білдірген жан жоқ. Ешкім мал мүлкін қараусыз қалдырғысы келмейді. Ал жол бір аптадан бері түелдей су астында. Аралға айналған ауылға мына аспалы көпірмен жаяулап қана жетуге болады. Оның өзі әбден тозып кеткен.
-Бұл көпірді осыдан тура 25 жыл бұрын Заречное түрмесінде жазасын өтеп жатқандар салған екен. Содан бері өткел бірде-бір рет жөндеу көрмепті. Шұрқ-тесік көпірден өту өте қауіпті дейді тұрғындар. Оның үстіне су тағы бір жарты метрге көтерілсе, көпірді де су шайып кетуі мүмкін.
Заречноеның ішіндегі жағдай да жетісіп тұрған жоқ. Бұрын ауыл ішін айналатын автобустардың бәрі сыртта қалған. Қаламен байланыстыратын аспалы көпірге дейін жаяу жету-қиямет қайым.
Сағила Әбішева, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Енді қиыншылық боп тұр. Жаяу өту оңай емес. Үш жарым шақырым. Енді автобустарды өткізсе болмай ма?
Тұрғындар төтенше қызмет өкілдеріне де қатты өкпелі. Үйлерін су баспай тұрғанда күнде келетін олар, кейін көрінуді қойған. Ең болмағанда суда тұрған баспаналарына бара алатындай биіктеу өткел қойып берсе дейді бұқара. Ал мамандар Есілдің суы алдағы күндері тағы да көтерілуі мүмкін деп отыр.