Бұл оқиға биылғы қыста болған еді. Ғимарат бұрышындағы дүкен сатушылары еденнің бетон плиталарының опырылып түскенін байқаған. Дереу төтенше жағдай қызметкерлерін шақыртыпты. Олар жатақханадағы 54 адамды сыртқа шығарып, бірнеше сағат бойы үйді тексерген. Жертөледегі сыздың салдарынан, үйдің іргетасы сөгіле бастаған екен. Кейін жатақхананың апатты бөлігінде тұратын 40 отбасын жалдамалы пәтерлерге көшірген әкімдік жөндеу жұмыстарын бастады.
Валерий Андрухов, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Біз бірінші маусымда көшіп келдік. Алғашында жалдамалы пәтерде тәулігіне 3 мың теңгеден төлеп тұрдық. Бар шығынды қалалық әкімдік өз мойнымызға аламыз деді. Тіпті мұндай қымбат баспана ұсынған риэлторлармен де өздері келісімшарт жасады. Ақшамыз таусылғанда өз қаржымызға басқа пәтер таптық.
Алайда тұрғындар әкімдік бізді алдап соқты деп отыр. Шенділердің әр отбасыға берген 129 мың теңгесі бюджеттен бөлінген көмек болмай шықты. Бұл ақша үйі өртенген не өзге техногендік апаттың кесірінен баспанасыз қалғандарға берілетін заңды жәрдемақы екен. 129 мыңның 90 мыңына бір айға ғана баспана жалдағандардың ақшасы таусылып, жағдайы жоқ баспанаға барған.
Ишим Айтқұлов, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Баспана инспециясы маған солай айтты. Саған туыстарың бар, тұра бер туыстарыңмен, акиматта ақша жоқ деді. Мен бір жарым ай мұнда тұрдым. Су жоқ, канализация істеген жоқ.
Петропавлда жалға берілетін пәтер құны бір айға шамамен 30-40 мың теңге ғана. Сондықтан берілген ақшаға бірнеше айға пәтер жалдауға болар еді дейді қараша. Риэлторларға жем болған олар жатақхананың да дұрыс жөнделмегенін айтуда. Ал қалалық әкімдіктегілер жұмыс әлі аяқталған жоқ деп шыр-пыр болды.
Жаңабек Тұрсынов, Петропавл қалалық әкімдігінің коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
-Қазір алғашында жоспарланбаған қосымша жұмыстардың шығыны есептеліп жатыр. Барлығына 9 миллион теңге бөлінді. Оның тең жартысын жұмсадық.
Шенеуніктің айтуынша, барлық жұмыс қазан айына дейін аяқталуы тиіс. Олар тіпті ғимараттың кіре берісін де жөндеп береміз деп уәде берді.