Петропавлдағы сәбилер үйінде тәй-тәй басқан жетімдердің тұсауы кесілді

Әлихан қажы өзі тұсауын кескелі тұрған бір жарым жасар Диананы құшағына қысып ұзақ тұрды. Ақсақал көз жасын көрсетпеуге тырысқанымен, көңілі босап тұрғаны білінді. Әйелі бұл шараға қатысуға келісім бергенде, жан-жарына бұл қылығы үшін ренжіп те алыпты. Жетімдерді көргенде ауру жүрегім шыдамай ма деп қорықтым дейді қария.

Әлихан Алпысов, Петропавл қаласының тұрғыны: 

- Осындай бүлдіршін әке-шешесіз өскен не деген,  біздің  халқымызда болмаған нәрсе, жетімімізді жылатпай, жесірімізді шектетпей өскен халықпыз. Аллаһ тағала осындай үйлер бұдан былай болмаса деп ойлаймын.

Жетімдер үйінің қызметкерлері тұсауын кесетін сәбилерді орыс-қазақ деп бөлмепті. Салтымызға сай, ала жіп пен ақ жол төсеп, бұл шараға бәрін сақадай сай дайындаған. Төрт баланың тұсауын кескен төрт ақсақал да тартынып қалмады.

Негізгі рәсім аяқталған соң жетімдер үйіне жиналған қонақтар балаларға сый-сияпат таратып, шашу шашты. Әдия қажы кемтар туған  жетімдерді зәмзәм суымен жуындырды.


Әдия Алпысова, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Қажылыққа барғанбыз,  сол жақтан зәмзәм суын  әкелдік. Мынадай мереке күніне шақырғаннан кейін  суды ала келдім. Осы балалардың басына, бетіне кішкене сеп болсын, денсаулық болсын, бақыт тілеймін сәбилерге. 

Бұл балалар үйінде қазір 60-тан астам сәби тәрбиеленіп жатыр. Жуырда ғана туылған мына жетімдерді асырайтын жан табылмаса, келер жылғы наурызда бұлардың да тұсауы осы жерде кесілетін болады.