А. Сатин ақпаратына сүйенсек, қазіргі күні қалада кәріздік коллекторлардың 70 шақырымын ауыстыру керек (шамамен 3,5 млрд теңгеге). Олардың көңіл көншітпейтін жағдайы су мен топырақтың ластануына әкеліп соғып отыр. Сондай-ақ, облыстың елді мекендеріндегі сарқынды суды тазалау мен Петропавл қаласындағы жауын кәріздерінің желісін қайта жөндеуден өткізу мәселелерін бір жақты ету қажет.
Департамент басшысының мәліметтеріне сүйенсек, Тайынша, Мамлютка, Булаево қалалары мен Бескөл ауылында жетілген су құбыры желісі бола тұра тазарту құрылыстарының болмауы алаңдаушылық туғызып, өңірдің басты өзектік тамырының сапасына кері әсер етіп отыр.
Агенттік тілшісі хабарлағандай, қоғамдық тыңдалым барысында атмосфераға таралатын зиянды қалдықтарды қысқарту мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, "Солтүстік Қазақстан Энерго Петропавл" ЖШС директоры Игорь Татаров зиянды қалдықтарды шығаруды азайту мақсатында кәсіпорын қазандығын жаңарту жұмыстары жүріп жатқанын, жаңа күл тастау орнын жасау бойынша дайындық жұмыстары басталғанын атап көрсетті. И. Татаровтың айтуынша, оның құрылысы үстіміздегі жылдың бірінші жартысында басталады және осы жұмыстарға 15 млн теңге жұмсалып та үлгерді". "Қазір кәсіпорын қоршаған ортаға 38 мың тоннадан астам зиянды қалдық шығарады. 2013 жылға дейін осы көрсеткішті 45 пайызға азайтуды көздеп отырмыз", - деп атап көрсетті И. Татаров.
Қоғамдық тыңдалымның қорытындысын шығара отырып, қоршаған ортаны қорғау министрі озық жобаларға бастамашы болуға кеңес берді. Атап айтқанда, жаңа күл тастайтын орындарды салу емес, күл-қоқысты қайта өңдеуден өткізу бойынша өзге мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп білу.