Петропавлдың орталығын қарғалар басып алды

Мына көше Қызылжардың арбаты саналады. Қарғалар тура осы жерде өсіп тұрған ескі ағаштарда қонақтап отыр. Енді тұрғындар мұнда серуендеуді былай қойып, жүгіріп өтуге тырысады. Өйткені үстіне құс сарып кетуі мүмкін.

Динара Өмірзақова, студент:

-Шу болады ештеңе естіртпейді, жаман. Бүкіл киімдерді былықтырды. Баяғыда бұлай болмайтын.

Айман Әлкенова, Петропавл қаласының тұрғыны:

-Аналар балаларын қыдыртып шыға алмай отыр.Шуылдатып балаларды ұйықтатпайды.

Құзғындар әсіресе облыстық прокуратура мен салық басқармасының маңайына топтасуға құмар. Майлы жерді бұл құстар да білсе керек. Ал қарғаның қарқылынан шаршаған прокурорлар мен салықшылар бірнеше рет қалалық әкімдікке хабарласқан екен. Ондағылар «құстарға қылар амалымыз жоқ» дегеннен әрі аспапты.


-Құстар мұнда күндіз болмайды. Олар қала аралап азық іздеп кетеді екен. Бұл жерге олар күн батқанда тек қонуға ғана келеді.

Орнитологтар қарғаларды адамдардың өздері тамақтандырып, жаман үйреткен дейді.

Равиль Рязапов, биолог :

-Құстар  ет комбинаты маңындағы қоқыстан  және  тұрмыстық қалдықтар полигонынан азық тауып жейді. Ал түнде қала орталығындағы қызылды-жасылды шамдары жарқыраған жерлерге шоғырланады.

Мамандарбір ғана аудан көлеміне тексеру жасап, онда 26 мың қанаттының бар екендігін анықтаған. Бұл тым көп. Өйткені, басқасы былай тұрсын, көктемде қарғалар өзге құстардың жұмыртқасын жеп, олардың көбеюіне залалын тигізеді екен.