«Philips» компаниясы Талдықорғанды жарықтандыруы мүмкін


«Samsung Electronics» компаниясы президентінің кеңесшісі Есетжан Қосубаев бастап келген делегация кездесу барысында өз компанияларының қалаларды безендіру, жарықтандыру, корпоративті желілер мен аудио, видео байланыс салаларындағы жетістіктерімен және ұсынатын қызметтерімен таныстырып, презентация өткізді. 

«Samsung Electronics» компаниясының менеджері Владислав Пак интерактивті білім беруде және қала қауіпсіздігіне ықпал ететін түрлі технологиялардың мүмкіндіктерін паш етті. Ғимараттардың сыртын, ішін, саябақтар мен скверлерді, көшелерді жарықтандыруда дүние жүзінде зор тәжірибесі бар «Philips» компаниясы болашақта Алматы облысымен бірлесіп жұмыс істеуге әзір екендігін білдірді. Ал, «Tandem TVS» компаниясының өкілі Алмасжан Атамбаев өз презентациясында телеарна студиясын жаңалауда, замануи техникамен жабдықтауда, бейнеконференциялық байланыс қызметінде тәжірибелері бар екенін баяндап, LED экрандар ұсына алатынын айтты.

«Талдықорған - шағын қала. Қаланы гүлдендіру үшін мұнда 5 млн. адамның тұруы шарт емес. Бізде халық саны аз болса да, сапасы жоғары, деңгейі биік, әл-ауқаты жақсы болуы тиіс. Елбасы әлем сүйсінетін Астананы тұрғызды, біз сол Астанаға қарап бой түзеуіміз керек. Облыс орталықтары Елорданың деңгейіне қарай талпынады. Сондықтан, бүгінгі презентация жасап отырған компаниялардың ұсыныстарын біз жан-жақты зерделеп, зерттеп көреміз. Қазірдің өзінде «Samsung Electronics» компаниясы облыстың бір мектебіне интерактивті білім беру жүйесін тегін орнатуға ниет білдіріп отыр. Егер бұл жоба өз тиімділігін көрсетсе, сіздер бұдан кейін де білім саласының дамуында үлес қосады деп ойлаймыз», - деді облыс әкімі Амандық Баталов.