"Пиджактары 1.2 миллион, аяқ киімдері 500 мыңнан басталады": Депутат не себепті бренд киімнен бас тартқанын айтты

Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

"Ыстамбұлдағы демалысымыз аяқталуға бір күн қалды. Неше күннен бері Қуаныш, Қайшалардың үйіне тұрақтадық. Бүгін міне, көргендеріңіздей бренд луи витон дей ме... Содан аяқ-киім не рубашка, не пиджак алып берейік деп болмайды. Аяқ-киімдері 500 мыңнан басталса, пиджактары 1.2 миллионнан басталады. Білмеймін, мен не то адаммын ба, әлде менің жаратылысым басқа ма, осындай қымбат брендтерді түсінбей кететін шығармын. Қандай бренд болмасын, мен үшін ол артық төлеу, олардың жарнамасына үлес қосу. Осы кезге дейін талай бренд киген адамды көрдім, сыртында бренді болғанымен...Ішінде адамы жоқ. Киімі қымбат болғанымен, арзан адамдар көбейді. Одан бөлек талай блогер, танымал жандарды білемін контент үшін елге мақтанып, жыртылып, инста, тик токқа салады да, 14 күн ішінде этикеткасымен қайта өткізіп тастайды. Жүреді сосын, достарынан қарызға ақша сұрап... Олардың кімдер екенін айтпаймын, позорларын шығармаймын. Оны экранның ар жағынан тамашалаған мыңдаған адам ойы өзгеріп, жұрттан қалмайын деп, еліктеп қарызға болсын алуға тырысады. Отбасы ішінде небір ұрыс-керіс те пайда болады", - деп жазды ол. 

Дәулет Мұқаев "Қымбат брендтен киінсең, өзіңді-өзің жоғары бағалай бастайсың" дейтін психологтармен келіспейтінін де айтты. 


"Қазір бір нәрсе болса болды, қымзат зат алсаң "самооценкаң" өседі дейтін психологтар көбейген. Мен оған келісе алмаймын. Самооценка өсу үшін адам білім алу керек. Көбірек кітап оқы, үлкендердің батасын ал, қайырымдылық жаса, шетел көр, жақсы орта тап, спортпен айналыс. Өсек-төсек әңгімеден, негативтен аулақ бол. Міне, осы кезде ғана адамның өзіне деген сенімділігі артады. Рухани БАЙ болады", - дейді депутат. 

Желі қолданушылары депутаттың бұл ойын бір ауыздан қолдаған. 

"Сіз президент болсаңыз Қазақстан өзгерер ме еді? Амин президент болыңызшы", "Брендке бренд киюдің де қажеті жоқ шығар. Не то емес, норм адамсыз", " Сені туған анаңа рахмет, Алла берген қарапайымдылығы мен ақылдылығына тәнтімін. Сендей ұрпақ көбейсінші", - деп жазды олар.