Полицейлердің суицид жасамақ болған әйелді құтқару сәті видеоға түсіп қалды

Ақтаулық полицейлер тоғызыншы қабаттан секіріп кетпекші болған 37 жастағы әйелді аман алып қалды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы әрекетін куәгерлер видеоға түсіріп алды, - деп хабарлайды "Лада" басылымы.

Оқиға бүгін, 21 қазан күні қаланың 4-ші ықшамауданындағы 7 үйде болды. Полицияның кезекші бөліміне сағат 9:40-та қоңырау шалынып, тоғыз қабатты үйдің төбесінде әйел адамның отырғаны хабарланды.

Оқиға орнына бірден 4-ші ықшам ауданның учаскелік полицейлері Ақтау ІІБ полиция қызметінің лейтенанты Бақберген Ерғашұлы мен полиция капитаны Әділбек Тұрлыбаев келіп жеткен.

Полицейлер келгенде әйел адам төбенің шетінде мас күйінде отырған.

"Полицейлер суицидтің алдын алды. Олар әйел адаммен әңгімелесіп, ақымақтық жасамауға көндірді. Әйел адам сөзге көнді. Оны полиция пунктіне жеткізіп, алдын алу әңгімесі жүргізілді. Әйел адам кредитері үшін өмірімен қош айтысқысы келгенін түсіндірді. Ол наркологиялық тіркеуде жоқ. Әйел адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы бойынша ("Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу") хаттама толтырылды. Оның артынан әпкесі үйіне алып кетті", - деді Маңғыстау облысы ІІД-нің баспасөз қызметінің өкілдері.