Полиция қызметкерлері “ әйелді ұрып жатса, пышақтап жатса қорғамаңдар” деген бұйрық алған ба?

Осы аптада елімізде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың сұмдық оқиғалары орын алды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бұл оқиғаларда ең қынжылтатыны, полиция қызметкерлері мен халықтың немқұрайлы қарым-қатынасы. Полиция қызметкерлері “ әйелді ұрып жатса, пышақтап жатса қорғамаңдар” деген бұйрық алғандай...

Кеше Астанада Әйтенов әйелін күш қолданып, ұрып соғып сүйреп шыққанда үндемей тұрған еді. Енді Ақтау қаласында әйелді пышақтап, теуіп жатсада арласпаған деп отыр. Балағы қысқа, сақалтайға әйелі не үшін ұнамай қалды екен?

Полиция қызметкерлеріне халық үйретіп жатыр не істеу керектігін!

"Әйелдер өзімізді қорғау үшін қару алып жүрейік! Полициядан қайыр жоқ", - деді заңгер Айгүл Орынбек.

Екі жанжалға тоқталайық.

Әйтеновтер әулетіндегі дау отбасылық жанжалдың шекарасынан шығып кетті. Күні кеше Марат Әйтеновтың экс-жұбайы Дана Әтешова бұрынғы күйеуінің ақыры мақсатына жеткенін: әйелі мен бала-шағасын үйден күштеп қуып шыққан мәлімдеді. 

Әп-сәтте әлемжеліге тараған видеода отбасыны үйден сүйреп шығарып жатқан кадрлар бейнелеген. Кадрлардан жан дауысы шыққан Әтешова пен балалардың айғайын көруге болады.

Әтешованың айтуынша, заңды тұрғыда баспана Әйтеновтың досы Әрсен Мүсәлімовке рәсімделген. Алайда үйдің түпкі иесі - Мараттың өзі. 

Видеода әлдебір ер адамның әйелдің шашынан сүйреп, үйден күштеп шығарғанына куә боласыз. 

"Бұл Шымкент қаласының экс-әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы Марат Әйтенов", - дейді зардап шегуші. 

Ұлысмедиа порталындағы әріптестердің хабарлауынша, полицейлер шырқырап жылап жатқан балаларды үйден шығарған. Қаршадай қыздың мұрнынан аққан қан ізі бет-ауызын айғыздап кеткен.

Ал Әтешова болса, бұрынғы күйеуін әке құқынан айыру үшін қағаз-құжат жинауға кіріскелі отыр. 

"Ең сорақысы, осының бәрін полицейлер көріп тұрды. Көріп тұрса да, қол қусырып, қарап тұрды. Дәл тұмсығының алдындағы зорлық-зомбылыққа төтеп беруге дәрмені жеткен жоқ. Біздің елде біреудің әлімжеттігіне қарсы қорғау жоқ екен. Әйтеновті әке деген аттан айыру үшін петиция әзірлеймін..." дейді Әтешова. 

Шымкенттің экс-әкімінің туған ағасы Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі талай уақыт бойы байының езгісі мен тепкісіне төзіп келгенін бұған дейін де бірнеше мәлімдеп, жарияға жар салған. 

Fragment-ке жеткен мәлімет бойынша Әтешованың мәлімдемесі жоғары жақта әжептәуір әңгіме болған. "Бишімбаев кейсінен" сабақ алған билік мұндай инциденттер айналып соғып өзіне тиерін түсініп отыр. 

Әтешова өз кезегінде экс-күйеуінің бұлайша қоқаңдауы ықпалды інісінің арқасы деп пайымдайды. 

Үш баламен далада қалған әйел бұған дейін Жоғарғы соттың алдына барып, пикет ұйымдастырған. Елорданың Есіл аудандық соты әйелді және оның үш баласын көшіру туралы шешім шығарғаны және әкесін заң бойынша алимент төлеуге міндеттелмегені белгілі болған еді. 

Осы оқиғадан кейін Дана Әтешованың құқығын, абыройын қорғауға еліміздің мықты адвокаттары кірісті. Олар бұдан бұрын марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтым Амангелдінің қорғаушысы болған.

Екінші оқиғаның сұмдық кадрлары әлуеметтік желіде тарады. Куәгерлердің сөзінше, ер адам әйелін Маңғышлақ ауылындағы Рахат супермаркетінің қасында пышаұтап тастаған. Әл-дәрмені жоқ әйелді тепкінің астына алғаны да байқалады. Видеодан байқауымызша оқиға болған жерде бір топ ер азаматтар мен полиция қызметкерлері болған. Бірақ ешқайсысы көмек қолын созбаған.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, ер адам дереу ұсталып, қамауға алынған.

«Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған адам өлтіруге оқталу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды» - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.