Сүлейменовтің айтуынша, "осының нәтижесінде аталмыш кісі өліміне қатысы бар үш адам ұсталып, олардың қылмысқа қатыстылығын дәлелдейтін айғақ заттар алынып, оларды қамауға негіз болатын дәлелдер табылған." "Қазір аталмыш қылмыстық іске тапсырыс берген басқа адамдардың да болу мүмкіндігі тексерілуде",- деді Қайырбек Сүлейменов . Осы орайда ол Х.Оспановтың өліміне "Маңғыстау өңіріне танымал адамдардың қатысы болуы ықтималдығын" атап өтті.
Министр адам өліміне түрткі болған басты себеп ретінде материалдық дау-дамай мен ақшаға қатысты шиеленісті атады. "Алайда кісі өлтіруге итермелеген басты себеп қылмыстық іске байланысы бар күдіктілер толық анықталғанда мәлім болады",- деді Қайырбек Сүлейменов. Ол Қазақстанда тапсырыспен жасалған кісі өлтіру қылмысының әшкерелену деңгейі 80-85 процентті құрап, "бұл көрсеткіш тұрғысынан ТМД елдеріндегі әріптестерінің ерекше таңданысын тудырып отырғанын" мәлімдеді. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Х.Оспановтың жанына қастандық жасау оқиғасы 19-мамырда оның өз үйінің алдында орын алған . Қастандық салдарынан Оспановтың сол иығы мен ішіне оқ тиіп, иегінен пышақтан жарақаттанған болатын. Ауруханаға жеткізілгеннен кейін Х.Оспановқа операция жасалынғанымен, ол 27-мамырда реанимация бөлімінде қайтыс болған еді. Бұған дейін Маңғыстау облыстық ІІБ Оспановты өлтірген күдіктілер ретінде еш жерде жұмыс істемейтін , 20 және 24 жастағы Ақтау тұрғындарын қамауға алған. Оспановты өлтіруге тапсырыс берген адамның есімін полиция солардан білген көрінеді.