Полиция қызметкері соқталдай жігітті соққыға жықты

Тәртіпке жауапты тәртіп сақшысынан жәбір көрдім деген мына жігіт. 25 жастағы Асхат Бектенбаев. Айтуынша, ол азық-түлік базарынан үйіне келе жатқан. Бірақ, Алматы-Бішкек тасжолында әлдебіреулер жабыла кетіпті. Және қалтасындағы соңғы ақшасы – 8 500 теңгесін де тартып алған көрінеді.

Асхат Бектенбаев, жәбірленуші:

- Жолда үш бір бейтаныс жігіт мас, жабылып ұрып ақшамды тартып алды. Соңғысында скорый шақырып, полиция қызметкерлеріне хабарластық.

Асхат ұрған үш жігіттің бірі полиция қызметкері екенін білмепті бастапқыда. Сөзіне сенсек, ауруханаға арызын қабылдауға келген оның әріптестері жеткізген. Және шағымын түсірсе біраз әбігерге салатындарын да айтыпты-мыс.

Асхат Бектенбаев, жәбірленуші:

- Олар келеді, арызды алмайды. Алмағаны былай тұрсын. Жаңағыдай қорқытты. Неге дейсіз ғой?! Өйткені, ұрған адамның біреусі солардан естідік полицияда істейді деп. Сосын кейін бұрын істеген деді.

Десе де, нардай жігітті жұдырықтың астына алған нақ кім екенін білмекке тәртіп сақшыларының өзіне жүгіндік. Жауаптылар қарақшылық шабуылдың болғанын жоққа шығармайды. Алайда, арасында полиция қызметкерлерінің болу, болмауын анықтамапты. Тергеудің нәтижесін күтуде.


Ғалия Тоқмырзанова, Қарасай ауданы ІІД Каменка полиция бөлімі бастығының орынбасары:

- Күдікті адам полиция қызметкері деп мен айта алмаймын. Себебі олар ұсталынған жоқ. Ұсталғанда қосымша ақпарат береміз деп ойлаймын. Қазіргі уақытта ештеңе айта алмаймын. Олар қайда жұмыс істейді, аттары кім екені белгісіз.

Ал тапа-тал түсте қарақшылардан жәбірленген Асхат Бектенбаев айыптылар жауапқа тартылмай қоймайтынын жеткізді. Ең құрғанда, ұрланған 8500 теңгесін, сындырған ұялы телефоны және ауруханада ем-домына жұмсаған қаржысын өндіріп алмақ.