Полиция Валют Транзит банктің Көкшетаудағы филиалына тонаушылық жасаған күдіктілерді ұстады

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2005-жылдың 23-наурызында бетперде киген белгісіз бір қылмыскер "Валют Транзит банкі" АҚ-ның Көкшетаудағы филиалына кіріп, кассирдің қолын скотчпен байлап, алты бірдей инкассаторлық дорбаларды тонап кеткен. Дорбаларда 5,12 млн. теңге, 15 мың доллар, 2,2 мың евро болған. Қылмыскер оқиға орнынан із жасырып үлгерді.

Қылмысты әшкерелеу үшін Ақмола облыстық ІІББ қылмыстық полициясының тәжірибелі қызметкерлерінен шұғыл тергеу тобы құрылды. Осындай шұғыл шаралардың арқасында 7-сәуірде полиция банктің Көкшетаудағы филиалының жүргізушісі, 38 жастағы И есімді және облыс орталығының тұрғыны, 31 жастағы К есімді азаматтарды ұстады.
Қылмыстық істі тексеру барысында банк жүргізушісі филиал есігінің кілттерінің көшірмесін жасап алғаны анықталды. Ақша инкассациясына аттанбас бұрын ол қызмет бабындағы көлігінің жүксалғышына өзінің сыбайласын салып алған көрінеді. Банк аумағына кірген соң әлгінің сыбайласы есікті ашып, ақша сақтайтын қоймаға еніп кеткен.
И есімді күдіктінің пәтерінде жүргізілген тінту кезінде полиция 70 мың теңге тапты. Ал оның К есімді сыбайласының үйінен бөлек-бөлек сақталған 333 мың теңге мен 47 мың теңге, сондай-ақ, 10 мың рубль, 1,73 мың евро табылса, оның гаражынан көміп қойған 12,24 мың доллар шықты.