Ресей мен Украина президенттерінің алғаш рет қол алысқан сәтін барлық әлемдік ақпарат құралдары жарыса көрсетіп жатыр. Бірақ Путинмен амандасқанда Порошенконың түрі өзгеріп сала берді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Украина, Кеден Одағының үштігі және Еуропалық одақ бас қосқан осы жиында бірқатар бастамалар көтерді. Яғни украин жеріндегі қарулы қақтығысқа бір-бірін айыптап отырған қос көршіні дереу келісімге келуге шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Сондықтан соғысты уақытша тоқтатып, гуманитарлық көмек көрсету. Оған тек Ресей емес, басқа елдердің де көмек көрсетуіне болады.Егер де біз мұнымен айналыспасақ, оның салдары біздің Еуразиялық экономикалық одаққа қиындық келтіреді.Тауар айналымына қиындық туғызады. Жалпы, экономикалық дағдарысқа әкеледі деген сөз.
Десек те, Назарбаев пен Лукашеноның қолқалауымен Ресей мен Украина президенттері Минскіде жабық есік жағдайында жүздесті. 2 сағатқа созылған кездесуді, Путин «көңілге қонымды» десе, Порошенко «қиын әрі өте ауыр» деп бағалады. Бір қызығы, түнге дейін жалғасқан келіссөзден шыққан бойда Путин екі елдің шекарасының түбінде болып жатқан соғыстың талқыланбағанын айтты.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті :
- Ол біздің шаруамыз емес, Украинаның ішкі ісі. Біз атысты тоқтату жайында ешкімге талап қоя алмаймыз. Оны Киев, Донецк және Луганск өзара шешуі тиіс. Біз тек келіссөздің жүргізілуіне ықпал етіп, қарсы тараптардың арасында бір-біріне деген сенімділіктің орнағанын қалаймыз. Оның үстіне Ресей қақтығысқа ешқашан себепкер болған емес.
Петр Порошенко, Украина Президенті :
-Путинмен кездесуде, шекараны күзейтуді күшейтіп Ресей аумағында заңсыз тұтқында отырған Украин азаматтарын босату жайын көтердім. Сондай-ақ,газ, энергетика мәселелерін талқыладық. Менің Шығыстағы жағдайды реттеу үшін жасалған бейбіт жоспарым да сөз болды.
Осылайша қос президент араға алты ай салып кездескенімен, одан қандай нәтиже шығары белгісіз. Тіпті Путин Киевке шүйлігіп, Еуропалық Одақпен қауымдастық туралы құжатқа қол қойса, зарадабын алдымен біз тартамыз деді. Яғни Еуропаның арзан тауары, Ресейге ағылып, миллиардтап шығынға батыратын көрінеді.
-Алайда ресми Киев Еуропалық одақпен ықпалдастығы, Кеден Одағына зиянын тигізбейді деп мәлімдеді. Бірақ Минискіге есемді жібермеймін деп келген Украина президентін өз елінде сөгіп жатыр. Путинмен кездесуде,нақты талап қоя алмай жалпақшешейлік танытты деп. Десек те, Петр Порошенко әлі екі күн Назарбаев, Путин, Лукашенконың жанында жүреді. Төрт президент Минскіден тура Түркияға аттанып, Ердоғанның инаугурациясына қатыспақ. Сөйтіп келіссөздер Қара теңіздің жағалауында жалғасуы әбден мүмкін.