Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуал қазір адам айтса ат үркетін жағдайда. Күніге жүздеген жан жарақат алса, ондағаны бақилық болып жатыр. Сепаратистер әсіресе соңғы екі аптада күшейіп алған. Оған дәлел, ұлттық гвардияның бақылауындағы бірнеше стратегиялық нысандарды басып алып ондағы сарбаздардың көзін жойды. Қарулары да қауқарлы. Шығыстағы жағдайдың бақылаудан шыққанына енді көзі жеткен Петр Порошенко бүгін қантөгіске кімнің айыпты екенін айтты.
Петр Порошенко, Украина президенті:
-Біз соңғы аптадағы оқиғаларды жіті назарға алдық. Шығын көп. Бұған әскери басшылықтың дәрменсіздігі бірінші кезекте себеп. Сондықтан Қорғаныс Министрлігінің басшылығы түгел өзгертілуі ықтимал. Ал сепаратистерге деп беріп отырған қай ел екені баршаға аян.
Ресейден қару алды деп айыпталған сепаратистер қазір Украина әскерін қойып, бейбіт халыққа да доқ көрсете бастаған сыңайлы. Донецк мен Луганскдегі жағдай тіптен адам аярлықтай. Жарылғыш заттар мен мылтық даусы бір сәтке де толастар емес. Және Ресей әскері басып кірді деп ақпарат таратылған Иловайск өңіріндеде қан төгілуде. Бүгінгі күнге дейін сепаратистер 200-ден астам Украина әскерін тұтқынға алыпты. Жарақат алғандарының да жанын аяп жатқан жоқ. Мектеп, аурухана, балабақша, тұрғын үйлер...барлығы да тау-тау үйіндіге айналған. Сорақылықты көзбен көрген өзге елдер қазір Ресейді жерден алып жерге салып жатыр.
Тони Эббот, Австралия премьер-министрі:
-Егер Ресей Украинадағы әскерін кері шығармайтын болса онда олар нағыз басқыншы ел ретінде танылады. Және ЕуроОдақтан бөлек барлық мемлекеттер Ресейге қарсы өте ауыр санкциялар қабылдайды. Бізде Ресейге экспортты түгел доғарамыз, банктерінен инвестиция алмаймыз және Австралияға кіретін Ресей азаматтарының санын дереу шектейміз.
Бірақ Ресейге таяқтың уыты әлі батпаса керек, әлемдегі абыройы батпан ұйымдар мен жекелеген елдердің ашуына назар салар емес. Керісінше сепаратистер бүгінгі түннің өзінде тағы ондаған ғимараттарды жарып жіберген. Ал атыс-шабыстан көз ашпаған Луганскідегі бас-аяғы 60 мектептің тек 6-уы есіктерін айқара ашты бүгін. Бірақ мұнда да сарбаздар жүр және қайыптан тайып оқ атылса деген қауіппен дәрі-дәрмек пен азық-түліктерде арнайы сыныптарға жиналып қойылған.