Жоқ, бұл қора емес. Үш бірдей ауылға қызмет көрсетіп отырған білдей Қазпошта бөлімшесі. Төбесі әне-міне ортасына түскелі тұр. Үйінді астында қаламыз деп қорықты ма, пошташылар да ақырындап есік аузына қарай ығысқан.
Сейітжан Абыралыұлы, Қызылту ауылының тұрғыны:
- Патшалық Ресей кезінен келе жатқан, мынау шпалдармен салынған дүние. Жан-жақтың барлығында мектеп, пошта, аурухана тағы басқаларды салып жатыр. Біздікі мынау қотыр.
Компьютердегенмұнда атымен жоқ. Ондай игілікті қызылтулық пошташылар қолымен де ұстап көрмепті. Есесіне, отын жарып, пеш жағады.
Пошта отырған бұл үй- бір ғасыр бұрын салынған екен. Соғыс жылдары қамба болған деседі. Жеңістен соң, хат тасушылар орналасып, содан бері қалып қойған. Ғимарат бірде-бір мәрте жөндеу көрмепті. Жақында табалдырығынан түсемін деп бір зейнеткер поштаның дәл аузында жан тапсырған.
- Жоқ, біздерге бастықтар айтты, ешқандай сұрақтарға жауап бермеңдер деп!
Жаңылсын Молдабаева, Қызылту ауылының тұрғыны:
- Кеңес уақытысында союз дедік. Енді егемен Қазақстан болдық қой, Құдайға шүкір, енді мынау поштаны жөндеуге болады ғой? Мынаның ішіндегі пошташыларға обал тегі. Ол ол ма, халыққа обал ғой, бәрі далада тұрады, жауын-шашын болса анау құлайды.
Мүгедектер мен зейнеткерлердің күні тіпті, аянышты. Табалдырықтағы пошташыға қолы жетпеген олар қара жерге отырып, жәрдемақы мен зейнетақыларын алып жүр. Жұрттың мүшкіл жайын көрген әкімдік жаңа ғимарат салуға жер бөліп қойған екен. Бірақ енді құрылысты бастай қоятын ақша жоқ.
Анар Омарова, Панфилов ауылы әкімдігінің бас маманы:
- Пошта ғимаратына 9 сотка жер бөлініп берілді. Бірақ, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін «Қазпочта» акционерлік қоғам болғандықтан, өздерінің бюджеттерінен ақша бөлу керек .Олардың айтуынша, биыл бөлінеді деген. Бірақ бөлген жоқ.
Биыл енді құрылыстың басталмасы анық. Ал қаржы бөлуге асықпайтын Қазпошта жасаған қызметінің ақысын дер кезінде жиып кетіп жүр.