Премьер-министр 2008 жылғы бюджетті нақтылаған кезде үкімет резервінің ұлғайтылу мүмкіндігін жоққа шығармайды

Кәрім Мәсімов үкіметтің қазіргі уақытта республиканың әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бірінші кезекті іс-шаралар жобасын жүзеге асырып жатқанын еске салды.

Оның айтуынша, бұл жоспарды жүзеге асыру үшін 403,3 млрд теңге көлемінде, соның ішінде 2007 жылы 143,5 млрд теңге және 2008 жылы 259,8 млрд теңге қаржы қарастырылған.

"Аталған шаралар қазіргі және үкімет жоспарлап отырған әлеуметтік бағдарламаларды қысқартуға алып келмейтінін және осы тұрғыда біздің өз міндеттемелерімізді орындайтындығымызды атап өту маңызды", - деп мәлімдеді үкімет басшысы.

Оның хабарлауынша, сондай-ақ, "үкімет мемлекеттік даму институттары арқылы мемлекеттік қолдау көрсетудің үйлестірілген тетіктерін дәйектеді. "Қазына" ТДҚ мемлекеттің негізгі агенті болып табылады".

Бұған қоса, "ақша банк секторына емес, экономиканың нақты секторына қолдау көрсету үшін бөлінеді. Банктер осы қаржыны пайдалануда агент ролін атқарады", деді премьер.

Отырыста мәлім болғанындай, "Қазына" қоры әкімшіліктермен, құрылыс компанияларымен және банктермен бірлесе отырып құрылыс нысандарының тізімі мен оларға қажетті қаржы көлемін айқындайтын болады. Бұдан кейін мәліметтерді экономиканы модернизациялау жөніндегі мемлекеттік комиссия бекітеді.

"Тізімге барлық тұрғын үй құрылысы нысандары енгізілген, бірақ оған тұрғын үй нарығындағы қымбат баспаналар сегменті, құрылыс жұмыстарының 90 проценті салынған нысандар, үлес иелерінің қаржысымен салынбайтын нысандар қамтылмайды. Бұл ретте несиелердің қайтарылмау тәуекелін банктер көтереді", -деді премьер.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті