Премьер-министр жұмыс сапарымен Парижге атбасын тіреді

Премьер-министр Серік Ахметов жұмыс сапарымен Парижге келді.


           Үкімет басшысы бастаған делегация құрамында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберта Рау, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров пен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Талғат Ермегияев та бар.
           Бұған дейін хабарлағанымыздай, премьер Парижге Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталестің шақыруымен барып отыр.
           Сапар барысында Қазақстанның ЕХРО-2017 көрмесіне тіркеу досьесін дайындау мәселелері талқыланбақ. Аталған құжат жыл соңына дейін Халықаралық көрмелер бюросы хатшылығының қарауына берілуі тиіс.
           Сонымен қатар, үкімет басшысы Франция премьер-министрі Жан-Марк Эйромен, Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы В.Лоссерталеспен кездеседі деген жоспар бар.
           Сондай-ақ, сапар шеңберінде С.Ахметов француз іскерлерімен кездеспек.