Президент Ақмарал Науатбекті Паралимпиада чемпионы болуымен құттықтады

Паралимпиадашылар да олимпиадашылармен бірдей сыйақы алады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Паралимпиада ойындарының чемпионы Ақмарал Науатбекті құттықтады.

"Ақмарал Науатбекті Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтаймын! Сіз ел мерейін асырып, спорт жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйладыңыз. Қажырлы еңбек пен қайтпас қайсарлықтың арқасында ең мықты қарсыластарыңыздан басым түстіңіз. Жеңісті күндеріңіз көп болсын", - деп жадеп жазды Президент өзінің Х әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Ақмарал Науатбек Париждегі жазғы Паралимпиада ойындарында дзюдодан 48 кг салмақ дәрежесінде J2 санатында сынға түсті. Ол финалда тәжірибелі франциялық спортшы Сандрин Мартинетті 10:0 есебімен жеңіп, алтын медаль еншілеген еді.

Қазір Қазақстан құрамасының еншісінде 5 жүлде бар. Пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев және пара дзюдодан Ақмарал Науатбек алтын жүлдені қоржынға салса, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов және пара жүзуден Нұрдәулет Жұмағали күміс, ал пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков қола жүлде жеңіп алды.

Париж Паралимпиадасы 8 қыркүйекке дейін жалғасады. Жарысқа 182 мемлекеттен 4400 спортшы қатысып жатыр. Байрақты бәсекеге Қазақстаннан 44 спортшы аттанған болатын.