Президент жаһандық қаржы дағдарысы Қазақстан экономикасына да ықпал етіп отырғанын атап өтті.
"Қазақстан үкіметінің таяудағы бір-екі жылға басты міндеті инфляцияның өсуін ауыздықтау болып табылады. Бізге экономиканың өсу қарқынын киелі санау жөн болмайды",- деді президент.
"Халықтың әлеуметтік жағдайы ешқандай да нашарламайды",- деді президент.
Депутат Рауан Шаекин ӘКК-ні дамыту туралы бірқатар мәселе көтерді. Қазір Қазақстанның жеті макроөңірінде жеті ӘКК - "Сарыарқа", "Жетісу", "Ертіс", "Оңтүстік", "Каспий", "Тобыл" және "Батыс" құрылған.
Р.Шаекин ӘКК туралы заңда құрылуына жекеменшік капитал тартылатын кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық формаларын анықтауға, кәсіпорын қалыптасқаннан кейін мемлекеттік үлесті жекешелендіруге қатысты нормалар әзірленуі тиіс деген пікір айтты.
"Бұл жаңа идея. ӘКК ТМД-ның бірде-бір елінде жоқ. ӘКК-нің міндеті - мемлекеттік және жекеменшік секторларды топтастыру жолымен өңірлердің экономикалық дамуына жәрдемдесу. ӘКК бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған экономика құру, активтерді басқару, жергілікті бизнесті әлеуметтік маңызды нысандарға тарту және алынатын пайданы әлеуметтік міндеттерді шешуге бағыттау үшін құрылған", - деді Н.Назарбаев.
Елбасы құрылған барлық өндірістерде корпорациялар ие акциялар 49 пайыздан артық болмайтынын түсіндірді. Белгілі бір кезеңде кәсіпорын іске қосылған соң және пайда алынғаннан кейін акциялардың мемпакеті қор рыногында немесе конкурстарда сатылуы тиіс.
Депутат В.Бобров патент негізінде жұмыс істейтін дербес кәсіпкерлер үшін жылдық айналым көлемін ұлғайтуды жақтаған пікір айтты. Қазіргі кезде олар жылына 2 миллион теңгеден артық табыс табуға тиіс емес.
Нұрсұлтан Назарбаев қазір үкімет бұл мәселені қарастырып жатқанын айтты. Дербес кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың патент бойынша жұмыс істеп, 7 жалдамалы қызметкері болуы, бұл ретте олардың жылдық табысы 12 миллион теңгеден аспауы көзделуде.
Президент сондай-ақ табыс салығын сәйкестендіру, "артық ысырапшылдыққа" салық деп аталатынды енгізу мәселесі зерттеліп жатқанын айтты.
"Артық ысырапшылдық заттарына, элиталық жылжымайтын мүлікке, қымбат автомобильдерге жанама салықтар енгізіп, шағын бизнес үшін тікелей салықты азайту керек. Әлбетте, біз мемлекеттік қайта қалпына келмейтін жер қойнауына салықты кеміте алмаймыз", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Президент егжей-тегжейлі әңгіме үшін депутаттарға алғыс айтты.
"Сіздер "Нұр Отан" партиясы ұсынғандар болып табыласыздар. Қазір менің Жолдауымды іске асыру жөнінде ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Меморгандардың бақылауында 149 тапсырма тұр. Үстіміздегі жылы Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес біздің алдымызда тұрған міндеттерді жүзеге асыруға қажетті 19 заңды қабылдау көзделген. "Нұр Отан" партиясының, депутаттық корпустың міндеті - адамдардың тұрмысын жақсарту жөнінде тұрақты жұмыс істеу", - деді мемлекет басшысы.