Президент Бас прокуратура мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырды


Бұл туралы дүйсенбі күні мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында қабылданған 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы шеңберінде жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Президент үкімет тарапынан мемлекеттік қызметкерлердің таза әрі адал жұмыс істеуіне қажетті жағдайдың бәрі жасалып жатқанын атап көрсетті.
«Бүгінде олар материалдық жағынан да, әлеуметтік жағынан да қамтамасыз етілген. Сондықтан олардан адал қызметімен үлгі болуды, заңды сақтауды талап етуге хақымыз бар. Мұның әсіресе, елімізде «Нұрлы жол» экономикалық бағдарламасын жүзеге асырғалы жатқан шақта маңызы арта түспек. Жоспар шеңберінде мемлекет орасан зор қаржы жұмсайды. Сондықтан бас прокуратура мен агенттікке «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырамын»,  - деді мемлекет басшысы.
Кездесу соңында президент ведомстволардың басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.