Президент бастамасымен жас ғалымдарға тұрғын үй сертификаттары табысталды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған әлеуметтік қолдау шарасы жас ғалымдардың ғылыми жобаларды тиімді жүзеге асыруына, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуіне және ғылыми әлеуетін толық ашуына мүмкіндік береді. Тұрғын үй мәселесінің шешілуі жас зерттеушілердің тұрмыстық алаңдаушылығын азайтып, ғылыммен жүйелі түрде айналысуына жағдай жасайды.

Ядролық физика институты Жоғары энергиялар және элементар бөлшектер физикасы зертханасының аға ғылыми қызметкері Жомарт Төлемісов көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.

«Мемлекет басшысына қазақстандық ғылым мен ғалымдарды жүйелі түрде қолдап отырғаны үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Осындай қолдаудың арқасында ғылымды дамытуға, өз ғылыми идеяларымызды іске асыруға мүмкіндік туып отыр. Сондай-ақ бұл жобаны жүзеге асырған Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғыс айтамын. Соңғы жылдары еліміздегі ғылым айтарлықтай нығайып, жұмысымыз әлдеқайда тиімді бола түсті. Мұның барлығы – жүйелі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі», – деді ол.

Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы аквакультура зертханасының ғылыми қызметкері Гүлдана Маратова бұл бастаманы жас ғалымдар үшін аса маңызды әлеуметтік қолдау деп атады.

«Өте қуаныштымын, тіпті әлі де сенер-сенбесімді білмей тұрмын. Он екі жылдық еңбегімнің осылай бағалануы мен үшін үлкен мәртебе. Тұрғын үй мәселесі – менімен қатар көптеген жастар үшін ең өзекті түйткілдердің бірі. Сондықтан бұл бастама жас ғалымдарға көрсетілген нақты қолдау деп санаймын. Елімізде талантты, білімді жас мамандар өте көп, осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын тапса екен», – деді ол.

С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Ғылым департаментінің жарияланымдық белсенділік бөлімінің басшысы Тимур Фазылов та бұл шешімнің ғылымға оң әсерін атап өтті.

«Мұндай ауқымды қолдау көрсетіп отырған мемлекетімізге алғыс білдіремін. Көптеген жас ғалымдар үшін тұрғын үй мәселесі ғылыми жұмыспен қатар шешілуі тиіс тұрмыстық қиындық болатын. Бүгін бұл мәселе өз шешімін тауып отыр. Енді жас ғалымдар ғылымға толықтай ден қойып, зерттеу жұмыстарын жалғастыра алады», – деді ол.