Ең басты мақсаттардың бірі ретінде республика президенті "қор рыногының қазіргі заман талаптарына сай келуін" атады. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін, Н.Назарбаевтың айтуынша, "бірқатар шаралар кешенін жүзеге асыру қажет". "Ол үшін корпоративтік басқаруды жетілдіруге және компаниялар жұмысының ашықтығын арттыруға шаралар қабылдануы тиіс".
Елбасы "өз тарапынан үкіметке ірі мемлекеттік компанияларды жеке блокқа біріктіріп, олардың акциялары қоржынын арнайы құрылған мемлекеттік холдингтік компанияның басқаруына беру туралы тапсырма жүктегенін" еске салды. "Бұл холдингіге бірігетін ұлттық компаниялардың мемлекеттік акциялары қоржынының бір бөлігі қор рыногында сатылғаны жөн. Бұл құнды қағаздарды зейнетақы қорлары, инвестициялық қорлар мен брокерлік компаниялар сатып ала алады. Демек, институционалдық инвесторлар ғана емес, сонымен бірге, жеке инвесторлар да акционер бола алады",- деді Н.Назарбаев.
Елбасының пікірінше, соның нәтижесінде "рынокта бірінші класқа жататын эмитенттердің үлесті қағаздары айналымға түсіп, ұлттық компаниялардың директорлары кеңесінің құрамында тәуелсіз директорлар институты пайда болу арқылы корпоративтік басқару сапасы артады".
Сонымен бірге, Н.Назарбаевтың пайымдауынша, "қазір Қазақстан рыногын жаңа қаржылық құралдармен байыту талабы қойылуда. Бұл жерде әңгіме бірінші кезекте жобалық облигациялар туралы болып отыр. Ондай бағалы қағаздарды шығару үшін ел экономикасы үшін айрықша маңызды бірнеше инвестициялық жобаны іріктеп алу қажет". Ол үшін, Елбасының пікірінше, "темір және автожолдар салуға, теміржол бекеттері мен теңіз айлақтарын салуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар лайық болар еді".
Жаңа инвестициялық жобаларды мемлекеттік даму институттарымен бірлесе отырып қор рыногына шығару "жаңадан шаңырақ көтеретін жаңа өндірістерді қаржыландыру проблемасын шешуге мүмкіндік жасап, индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыруға тың серпін береді",- дейді президент.
Экономиканың нақты секторын қаржыландырудың жаңа түрлерін тез арада дамыту, несиелік құралдардың жаңа түрлерін шығару үшін "Активтерді секьютеризациялау туралы" заңды қабылдау қажет. Сонымен бірге бұл қадамдардың барлығы да 2007-жылға дейінгі құнды қағаздар рыногын дамыту бағдарламасында көрініс табуы тиіс, деді мемлекет басшысы.
Екінші міндет ретінде Елбасы трансфер-агенттердің іс-қызметіне заңнамалық негіз қалыптастыруды, қор рыногынды тұрғындармен жұмыс істеу үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыруды атады. Елбасының пікірінше, біртұтас трансфер-агент құру жобасы "Қазпоштаның" негізінде жүзеге асырылуы абзал. "Сонымен бірге қор рыноктары туралы халық арасында түсіндірмен және ақпараттық жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру қажет",- деді Н.Назарбаев.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесін 2007-жылға дейін дамыту бағдарламасын қабылдауды Елбасы тағы бір маңызды міндет ретінде атады. "Құжатта зейнетақы жинақтаушы қорлар мен активтерді басқарушылардың салымшылар алдындағы нақты жауапкершілігі ескеріліп, зейнеткер төлем алу құқығына ие болған сәттегі инфляция деңгейіне сәйкес жарналардың қауіпсіздігін мемлекет тарапынан кепілдендіруді жүзеге асыру тәртібі анықталуы тиіс",- деді президент.
Оның айтуынша, алдағы жылы сондай-ақ "банктердің капитал қорын арттыруды қамтамасыз ету қажет. Капитал мөлшері активтердің өсуіне парапар болуы тиіс". "Капитал мөлшерін арттыру үшін банктер қор рыногына шығуы тиіс. Зейнетақы қорлары мен басқа да инвесторлар олардың акцияларын үлкен қызығушылықпен сатып алады",- деді мемлекет басшысы.
Бұған қоса елімізде тәуекелдерді басқарудың қазіргі заманғы жүйелері қолданысқа енгізілуі тиіс. "Банктер мен зейнетақы қорлары тәуекелдерді басқару талаптарын күшейтуі тиіс. Сонымен бірге зейнетақы активтерін инвестиция ретінде жұмсау жөніндегі шешім қабылдаудың ашықтық жағдайын жан-жақты қамтамасыз ету қажет",- деді Н.Назарбаев.
Елбасы шағын несиелер жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жобасын жасау қажеттігін мәлімдей отырып, ол несие беру қызметінің негізгі бағыттарын айқындауы, шағын несиелер тарату саласына мониторинг жасаудың тиімді жүйесін құруы тиіс екенін атап өтті.
Елбасы тоқталған жетінші міндет Алматыда халықаралық қаржылық орталық құруға саяды. "Бұл - стратегиялық мақсат . Егер Алматы аймақтық қаржылық орталыққа айналса, онда көлік, коммуникация және бос уақыт мәселелерін шешу қажет". Елбасының пайымдауынша, қаржыгерлердің басты мақсаты - халықаралық қаржылық рыноктың жұмыс істеуіне жағдай жасау болып табылады.
Елбасы алда тұрған міндеттердің "анағұрлым күрделі екенін" атап өтті. "Біздің бұған дейінгі ілгерілеушіліктеріміз қарқынды алға басуға негіз қалады. Ал біздің болашағымыз қаншалықты прогрессивті болатындығы мемлекеттің күш-жігеріне де, рынок қатысушыларының конструктивті әрі жасампаз жұмыс істеуіне де тікелей байланысты",- деді Н.Назарбаев.