"Еліміздегі тұрақты экономикалық даму беріп отырған мүмкіндіктерді біз халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту арқылы біртіндеп кәдеге асыра бастадық",- деді мемлекет басшысы.
Елбасы жария еткен мәліметке сәйкес, биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында тұрғындардың жан басына шаққандағы номиналдық ақшалай кірісі 71 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткіштен 21 процент артық. Нақты ақшалай кіріс 13,5 процентке артты. "Ең төменгі орташа жалақы мөлшерін арттыруға жағдай жасалуда",- деді Н.Назарбаев. Бір қызметкердің орташа номиналдық айлық жалақысы 26,7 мың теңгені құрады. 2004-жылдың қаңтарынан бері ең төменгі жалақы мөлшері 32 процентке арттырылды. "Зейнетақы төлемдері тұтыным құны индексінің өсіміне сәйкес арттырыла түсуде",- деді мемлекет басшысы. Елбасы орташа зейнетақы төлемдері 8500 теңгеге жеткенін атап өтті.
Елбасының пайымдауынша, Қазақстан экономикасының макроэкономикалық оң көрсеткіштері халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға ықпал етті. Соңғы 5 жылда Қазақстанның орташа экономикалық өсімі 10 процентті құрады, деді ол. Осындай оңды ағым биыл да сақталып отыр. 2004-жылдың алғашқы жартысында жалпы Ішкі Өнімнің өсімі 9,1 процент болды.
"Сыртқы сауда-саттық және елдің қаржы жүйесінің ауқымы оң көрсеткіштермен сипатталуда",- деді Н.Назарбаев. Мәселен, алғашқы жарты жылда "сыртқы сауда айналымы шамамен 50 процентке өсіп, 14,2 млрд. долларды құрады". Өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда негізгі капиталға салынған инвестициялар 12 процентке өсті.