Заң жобасына сәйкес, заңдастыру нысандарына ақша, бағалы қағаздар және заңды тұлғаның жарғылық капиталдағы қатысу үлесі, жылжымайтын мүлік, оның ішінде Қазақстаннан тыс жерлердегі мүлік жатады.
Жекелеген қылмыс нәтижесінде алған мүлік заңдастыруға жатпайды. Мәселен, жеке тұлғаға, адамның конституциялық және өзге құқы мен бостандығына, конституциялық құрылым мен мемлекет қауіпсіздігіне қарсы жасалған, сондай-ақ мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы жемқорлық және өзге заң бұзушылық пен қылмыс жасау нәтижесінде алған мүлік заңдастыруға жатпайды.
Заңдастыру елдің экономикалық айналымына қосымша қаржы мен мүлік тарту мақсатында жүргізіледі.
Заңдастырылған ақша мен мүлікке салық салынбайды. Тиісті заң жобасымен Салық кодексіне тиісті өзгеріс енгізіледі.
Заңдастыру субъектілері бірқатар баптар бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Заң жобасы бойынша 2014 жылдың 1 қыркүйегі мен 2015 жылдың 31 желтоқсаны заңдастыру мерзімі болып белгіленген.
Заңдастыру тетігі мен құралына келер болсақ, вице-министрдің айтуынша, ұсынылып отырған заңдастыру тәртіптемесі бойынша ақша екінші деңгей банкінде ашылған арнайы жинақтау шоттарға салынады.
Одан кейін субъект заңдастыру құралын таңдауы тиіс. Біріншіден, ақшаны екінші деңгей банктерде жоғарыда аталған шоттарда нарық мөлшерлемесі бойынша сыйақы ала отырып бес жыл бойы сақтауға болады. Екіншіден, ақшаны мерзімінен бұрын пайдаланғысы келгенде, оларды екінші деңгей банктерінің, ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың, даму институттарының мемлекеттік бағалы қағаздары мен облигацияларын, «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын акцияларды , сондай-ақ Қазақстан қор биржасында орналастырылған өзге бағалы қағаздарды сатып алу арқылы экономикаға инвестициялауға болады, дейді А.Теңгебаев.
Егер ақшаны заңдастырушы азамат жоғарыда аталған инвестициялау тетіктерін пайдаланғысы келмесе, ақшасын қалауынша пайдалануына болады. Екінші деңгей банктері мұндай жағдайда ақша төлеген кезде заңдастырылған ақшаның 10% мөлшерінде алым ұстап қалады.
Ақшадан өзге мүлікті заңдастыруды әкімдіктер жанында комиссиялар жүргізеді. Ол үшін заңдастыру субъектілері өтініш пен тиісті құжаттар тапсыруы тиіс.
Заң жобасына сәйкес, мүлкін заңдастырған азамат мүлікті тіркеу: құқық беруші құжаттарды дайындау шығынын қоса алғанда, заңдастыруға байланысты шығынды өздігінен көтереді.
Қазақстаннан тыс жерлердегі мүлікті заңдастыру үшін 10% алым алынады.
Депутаттар сондай-ақ, бірінші оқылымда мүлікті заңдастыруға байланысты заңдарға өзгеріс енгізуді қарастыратын тиісті заң жобасын мақұлдады.
Қаржы министрлігінің бағалауы бойынша, алдағы капиталға рақымшылық жасау қорытындысы бойынша 10-12 млрд. $ заңдастырылуы мүмкін.