Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ақорда сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

– Кездесуіміз бізге туыс елдер – Қырғызстан мен Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу күндерімен тұспа-тұс өтіп жатыр. Мұның символдық мәні зор. Орайлы сәтті пайдаланып, әріптестерім – құрметті Садыр Нургожоевич Жапаров пен қадірлі Шавкат Миромонович Мирзиёевті осы маңызды әрі тарихи күнмен құттықтаймын. Бауырлас халықтарға бақ-береке тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ширек ғасырда Шанхай ынтымақтастық ұйымы «Шанхай бестігінен» бастап Еуразияның үлкен бөлігін қамтитын және адамзаттың жартысына жуығын біріктіретін ірі халықаралық ұйымға айналды.

– ШЫҰ – әртүрлі, бірақ рухы бір елдердің бірегей бірлестігі ретінде ішкі мәселеге араласпау, егемендікті құрметтеу, өзара сенім, ашықтық пен ынтымақтастық қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырып келеді. Бүгінде ол шын мәнінде табысты, ықпалды әрі сұранысқа ие халықаралық құрылымға айналды. Әйтсе де біздің Ұйым құрылған сәттен бері әлем айтарлықтай өзгерді. Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасып жатыр. Бірігуден гөрі жікке бөліну, ынтымақтастық ниетінен гөрі геосаяси бақталастық басым түсіп, мүдделер теңгерімін іздеудің орнына араздық өршіп барады. Өзара сенімге селкеу түсті. Онсыз ең мықты халықаралық институттардың өзі бірте-бірте сын-қатерлерге төтеп беру қабілетінен айырылады. Осы орайда, біздің Ұйымның маңызы арта түседі. ШЫҰ әскери-саяси блок логикасынан тыс әрекет етеді әрі оның қызметі қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған. Ұйым мүлдем басқа саяси философияға, яғни түпкі өзегінде прогресс жолындағы ортақ бастамалар идеясы жатқан «Шанхай рухына» сүйенеді. Біздің басты мақсатымыз – қуатты әрі өркендеген ШЫҰ қоғамдастығын құру, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қырғызстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық еткенін айрықша атап өтті.

– Қазақстан қырғыз ағайындарымыз бен серіктестеріміздің Ұйым бірлігін нығайту және оның сан қырлы әлеуетін ашу жолында атқарған мәнді де мазмұнды жұмысын жоғары бағалайды. Бүгінгі отырыстың қорытындысы ШЫҰ-ның халықаралық беделін одан әрі көтеріп, қызмет тиімділігінің артуына және жаһанның құбылмалы жағдайында нақты стратегиялық мүдделердің қалыптасуына септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қол жеткен жетістіктерді алға тартып, «Шанхай ондығына» кіретін елдердің бәрі үшін айрықша маңызға ие басты бағыттарға тоқталды.

– Қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту. ШЫҰ құрамында Еуразияның ірі мемлекеттері бар. Жаңадан сұлбаланып келе жатқан әлемдік тәртіптің тұрпаты қандай болмағы көбіне осы елдердің ұстанымына байланысты. Бұл ретте Ұйымға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Еуразия құрлығындағы стратегиялық тұрақтылық және сенім шаралары бойынша министрлер деңгейіндегі ШЫҰ конференциясын өткізу қажет деп санаймыз. Аталған іс-шараның күн тәртібінде әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселесін талқылауға болады. Әсіресе, қарулы қақтығыстардың салдары көбіне әскери іс-қимыл аймақтарынан тысқары жерді шарпып, халықаралық нарықтарға, коммерциялық кеме қатынасына, орнықты энергетикалық және көлік байланыстарына нұқсан келтіріп жатқаны алаңдатады. Сонымен қатар дағдарыстың трансшекаралық сипатта белең алу қаупі күшейіп келеді. Бұрыннан келе жатқан сын-қатерлер де өзектілігін жойған жоқ. «Үш зұлым күшпен» – терроризммен, экстремизммен және сепаратизммен күрес өзара ықпалдастығымыздың басым бағыты болып қала береді. Олар трансұлттық қылмыспен, есірткі тасымалымен, заңсыз қару айналымымен және киберқауіппен астасып жатыр. Қазақстан Сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталықтың, сондай-ақ ШЫҰ Есірткіге қарсы орталығының мақсаттары мен міндеттерін қолдайды. Бұл құрылымдардың қызметі мемлекеттеріміздің құзырлы органдары арасындағы іс-әрекетті үйлестіруді жаңа деңгейге көтеріп, осы бағыттағы бірлескен жұмыстың нәтижесін жақсартатынына сенімдімін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік аясын кеңейтудің стратегиялық мәні зор. Мемлекет басшысы күш-жігер жұмылдыру нәтижесінде ШЫҰ елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға таяп қалғанына назар аударды.

– Алайда, біздің пікірімізше, экономикалық байланыс мүмкіндіктерін әлі толық пайдалана алмай отырмыз. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ресурстық, өндірістік және технологиялық әлеуетін барынша пайдаланып, жаңа өсім бағыттары мен орнықты іскерлік байланыстарды түзу маңызды. Қазақстан ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістігі қалыптасқанын қалайды. Кедергілері мейлінше аз, цифрлық процедуралар мен көлік-логистикалық байланыстары дамыған орта құрып, уағдаластықтардан нақты бастамаларға көшу керек деп санаймыз. Пилоттық жоба ретінде индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынамыз. Бұл мемлекеттерге басқа қатысушыларды күтпей-ақ, пісіп-жетілген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Кейін табысты бастамаларды тұтас Ұйым аумағында жаппай таратуға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының базасында ШЫҰ трансшекаралық сауда аймақтарын іске қосуға болады деп санайды.

– Осы арқылы тауар алмасудың оңтайланған тәсілін, цифрлық рәсімдерді және заманауи есеп айырысу тетіктерін сынап көруге болады. Тағы бір басым бағыт – толыққанды инвестициялық контур қалыптастыру. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайды. Қаржы ұйымының ресурсын, ең алдымен, инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіп жобаларына бағыттаған жөн. Мүше мемлекеттердің ортақ ұйғарымы болған жағдайда, Қазақстан аталған институтты, оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Еуразияның заманауи көлік-логистикалық қаңқасын құру ісін жеделдетуді ұсынды. Оның пікірінше, мемлекеттердің географиялық байланысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының стратегиялық артықшылығы саналады.

– Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен, Солтүстік – Оңтүстік дәлізімен, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азияның перспективті сауда жолдарымен ұштастыруға баса мән береді. Еліміз көлік саласындағы бастамаларды Шанхай ынтымақтастық ұйымы аумағында ілгерілетуге әзір. Ол үшін кеден рәсімдерін цифрландырып, электрондық құжаттарды өзара тану, «жасыл дәліз» қағидатын және басқа да заманауи тетіктерді қолданған жөн. Бұл ретте ШЫҰ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құру тиімді тәсіл болар еді. Ол үйлесімді цифрлық шешімдер негізінде жүктің жөнелту пунктінен соңғы нүктедегі алушыға дейін кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Құқықтық-нормативтік базаны нығайту үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз, – деді Президент.