«Әзаға – нағыз халық жазушысы еді. Оның әрбір шығармасын жұртшылық қызыға оқитын. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қолынан қаламын тастамаған қаламгер өнімді еңбек етіп қана қоймай, халқымызды ынтымақ пен бірлікке шақырып, тәуелсіз еліміздің тілеуін тілеп өтті. Оның шығармалары ізгілікке қандай толы болса, өзінің жаны да сондай нұрлы да мөлдір еді. Мен оның өзіме берген батасын, жазған хаттарын, арамызда болған әңгімелерді ұмытпаймын. Әзағаның өнегелі өмірін, жарқын бейнесін, ғибраты мол шығармаларын халқымыздың да ұмытпасына сенемін» делінген Ақ орданың ресми сайтында жарияланған жеделхатта.
Қазақстан халық жазушысы Ә. Нұршайықов 89-ға қараған жасында көз жұмды. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері. Әр жылдары «Қазақ әдебиеті» газетін басқарған, Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болып, Қазақстан Жазушылар одағында проза бөлімін басқарды. Көптеген роман, повестердің авторы, қазақ тіліне Иван Бунин, Михаил Шолохов пен т.б. авторлардың шығармаларын аударған. «Даңқ», «Құрмет», «Парасат» және «Достық» ордендерімен марапатталған.