Президент медицина және білім беру қызметкерлерінің жалақы қорын еңбектің сапасы мен мәніне қарай сәйкестендіруді ұсынады

"Қазақстанда қазір әкімшілік реформа жүріп жатыр, ол мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы жұмыс сапасына тәуелді болуын көздейді. Мұндай көзқарас медицинада да, білім беруде де болуы керек", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

"Президент жалақы қоры еңбектің сапасы мен мәніне қарай сәйкестендіріле пайдалануға тиіс екендігімен келісті",- делінген хабарламада.

Сонымен бірге президент елімізде денсаулық сақтау нысандарын салуға бөлінген қаражаттың қалай пайдаланылатынын депутаттардың бақылауға алуын тапсырды.

Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында емдеу мекемелерінің осы заманғы медициналық құрал-жабдықтармен жарақтануын жақсарту, халықтың жекелеген топтарына тегін берілетін дәрі-дәрмектер тізімін кеңейту, 156 денсаулық сақтау нысанын, соның ішінде 144-ін ауылда салу көзделген.

"Бұл орасан зор қолдау. Осы қаражат қалай пайдаланылатыны депутаттардың бақылауында болуы тиіс", - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы қазақстандық медицинаның негізгі міндеттері адамдардың өмірін ұзарту және өлімді азайту болып табылатынын атап өтті. Халықтың барынша жоғары өліміне себеп болған әлеуметтік аурулардың бес тобына күшті шоғырландыру керек. Бұлар - жүрек-қан тамырлары ауруы, инфекциялар, жарақаттанушылық, онкология, бала мен ана өлімі.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрағасы Ж.Досқалиев әлеуметтік салаға арналған бюджет шығындарының өскенін атап өтті. Мәселен, 2004 жылы денсаулық сақтауды қаржыландыру 131 миллиард теңге болса, бюджетте үстіміздегі жылы осы мақсаттарға 391 миллиард теңге көзделген.

Сондай-ақ, кездесуде мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің мүшесі Г.Есімбаева Қазақстанның білім беру жүйесінің ахуалын талқылауды ұсынды.

"Орта білім беруде шешуші тұлға мұғалім болып табылады. Педагогтардың еңбекақы жүйесі бұрынғысынша жоспарлы экономика қағидаттарына негізделген деп санаймын. Біз Үкіметке оны нарықтық экономикаға бейімдеу, түпкі нәтижеге бағдарлау жөнінде ұсыныс енгіздік", - деді ол.