Қазіргі таңда «Болашақ» түлектері елімізде басқарудың алғы шебінде тұрғанын баса айтқан Елбасы: «Сіздердің білімдеріңіз біздің шынайы жетістігіміздің біріне айналды. Қазақта «Не ексең, соны орасың», деген сөз бар. Біз сіздерді болашақ үшін ектік. «Болашақ» түлектері Қазақстанның ең қиын заманында капиталына құйған үлкен инвестициясы болып табылады. «Болашақ» стипендиаттары, сіздер елдің болашағысыздар. Мәңгілік ел болу деген алдымызға мұрат қойдық. Сол жолда жұмыс істейтін сіздер боласыздар. Бұл ұлы мақсат қою, ұлы мақсатқа жету тек қана ұлы халықтың қолынан келетін іс. Біз өзімізді ұлы халықпыз деп санайтын болсақ, ұлылыққа жетеміз», - деді.
Қазақ елі көз тіккен асқар асуларға жету үшін білім керектігін де баса айтқан Мемлекет басшысы: «Биік белестерді бағындыру сендердің біліктіліктеріңді талап етеді. Бүкіл ел сенім артып, сіздерді жіберді, оқытты. Ол сенімді игілікпен ақтау сіздер үшін ұлы парыз болып табылады. Сол ұлы парыздың шыңына шығасыздар деп сенемін», - деді.
«Болашақ» бағдарламасы білім жүйесінің локомотивіне айналды.
Сөз арасында Елбасы «Болашақ» стипендиаттары әлемнің ең озық университеттерінде білім алып жатқанын айта келе, бұның барлығы бағдарлама жоғары нәтижелілігін білдіретінін айтты. «Жас ғалымдар, педагогтар мен менеджерлердің креативтік ядросы қалыптасып жатыр. «Болашақ» білім жүйесінің локомотивіне айналды. Бір жағынан экономикалық-әлеуметтік кеңістікте әлемдік технология трансфертінің магистралі қалыптасты, екінші жағынан біздің «болашақтықтар» арқылы әлем Қазақстан туралы, оның халқы, салт-дәстүрі, әлеует мүмкіндіктері жайында көбірек біле түсті», - дей келе Нұрсұлтан Әбішұлы стипендиаттардың шетелде жүріп «қазақстандық» атағын жоғары ұстағандары үшін жастарға алғысын айтты.
Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы тағылымды қадамдардың бірі - «Болашақ бағдарламасы.
«Құрметті «Болашақ» түлектері, бүгінгі күні сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамындағы 15 мемлекет тәуелсіздігін алды. Оның ішінде Қазақстан да бар. Сол 15 республиканың ішіндегі экономикасы мен өрлеуі жағынан ең төменгілердің арасында жүретін ел едік», - деп атап өткен Мемлекет басшысы 150 жыл бойы Ресейдің боданында болған Қазақ елінің 91 жылдың 16 желтоқсанында өз Тәуелсіздігін алғанын баса айтты.
«Бізде сыртқы саясат деген болған жоқ. Ішкі саясатымызды да Мәскеу тағайындап беретін. Кадрларымыз жоқ. Нарық экономикасы дегенді ешкім білмейді. Жоғары оқу орындары бұдан бұрын оған оқытқан жоқ. Дүниежүзілік экономиканың не екендігін ешкім білмейді. Біз жерге түсіп сынған табақтың бір сынығы сияқты болып қалдық. Экономика тоқырады. Халық жұмыссыз қалды. Жалақы төлейтін, зейнетақы төлейтін бюджетте қаражат жоқ. Барлық дүкендердің іші бос. Сатып алатын тамақ та жоқ. Ай сайын инфляция 50 пайыз, жылына 2160 пайызды құрайтын. Сендер оны қазір түсінесіңдер. Мұндай жайт Латын Америкасының тоқырауы кезінде де болған жоқ. Осындай жағдайға біз тап болдық. Сондықтан Тәуелсіз ел болып, Қазақстанды жеке мемлекет жасау, оны көтеру деген ұлы мақсат алдымызда тұрды. Соның ішіндегі тағылымды қадамдардың бірі «Болашақ» бағдарламасы еді», - деді Н.Назарбаев.
Елбасы өз сөзінде 93 жылдың күзінде, осыдан тура 20 жыл бұрын мемлекеттің қаржысы болмаса да, кадрларды шетелде дайындау туралы шешім қабылдағанын атап өтті.
«Болашақ» бағдарламасы арқылы біз жаһандық элита даярлау жүйесіне ене алдық.
«Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастыру бағытындағы менің жоспарымның аса маңызды бөлігі еді. Ал 2010 жылы елімізде әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны ашылып, оған менің тегімді беру сұралды. Сол «Назарбаев Университеті» аталатын осынау білім ордасы ендігі күні Қазақстанға әлемдік үздік білімді экспорттаушы нысанға айналып отыр», - деді Н. Назарбаев.
Елбасы бұл ретте Назарбаев Университетінде 200-ден астам «болашақтықтар» қызмет етіп жатқанын алға тартып, сонымен қатар «Болашақ» халықаралық стипендиаттары қауымдастығының да тиімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«Бүгінгі күні біздің халқымыздың алдында жаңа бағыт, тың міндеттер тұр. Бұл - біздің «Қазақстан-2050» Стратегиясы. Сондықтан да, мен сіздердің осы бағдарламадағы барша міндеттерді білетіндіктеріңізге сенімдімін. Ал келесі жылдың басында мен кезекті өз Жолдауымда осы стратегияны қалай жүзеге асыратынымызға тоқталатын боламын», - деген Мемлекет басшысы осы бағдарламаның межелерін атқаруда «болашақтақтар» да үлкен демеу болатынына сенім білдірді.
Қазақстанның тарихи жетістіктерінде «болашақтықтардың» да үлесі бар.
«Нарықтық экономика мен либералды саясатқа көшу жолында, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің қадамдарымыздың негізін қалыптастыру үшін мамандар болған жоқ. Біздерге халықаралық деңгейдегі кәсіби білімі бар адамдар қажет болды. Сондықтан бізде жалғыз шығар болды, яғни, біздің экономикамызды шұғыл жекешелендіріп, инвестиция тарту еді. Біздің елімізге, ондаған, жүздеген шетелдік инвесторлар келе бастады, бірақ бізде олармен бір тілде түсінісіп, жұмыс істейтін кадр болған жоқ. Сондықтан сол кездегі біздің таңдауымыз дұрыс, стратегиялық болды деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Елбасы осы жылдардың ішінде «Қазақстан-2030» Стратегиясы мерзімінен бұрын орындалып, тиімді экономика қалыптасқанын атап өтті. Әлеуметтік саладада зор өзгерістер орын алып, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі артты. Білім және ғылым саласында да жүйелі өзгерістер орын алып, халықаралық стандарттар енгізілуде.
«Болашақ» бағдарламасы ел дамуында зор рөл ойнады.
«Болашақ» бағдарламасы ел дамуында зор рөл ойнады. Ең алдымен, бұл экономика, білім, ғылым, денсаулық сақтау, ұлттық мәдениет, өнер үшін жаңа кадрлар. Әрбір түлектің екіншісі бүгінде қазақстандық жеке және мемлекеттік компанияларда жұмыс істеуде. Олардың 19 пайызы ұлттық компаниялардың менеджері, шамамен 4 пайызы халықаралық ұйымдар мен Үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейді. Толықтай алғанда түлектердің төрттен үші ел экономикасының шынайы секторында қызмет етуде. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда «болашақтықтардың» төрттен бірі жұмыс істейді. Оның ішінде, мемлекеттік басқару жүйесінде 19 пайызы қызмет етеді. Қазіргі таңда «Болашақ» бойынша шамамен 2 мың инженер-техникалық маман дайындалды. Олар біздер үшін бүгінде өте маңызды. Бұлар инновациялық технологиялар, металлургия, коммуникация салаларының мамандары», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, Қазақстанның минералды ресурстар мұнай, газ, металға тәуелділігін арылту үшін мүлде жаңа кәсіпорындар қажет. Ал ол кәсіпорындарға мамандар керек.
«Болашақ» бағдарламасын бітірушілер үшін ендігі, алдағы кезең де маңызды. Бүгінгі күні мен және менің әріптестерімнің барлығы жасап келе жатқан дүниелердің баршасы болашақ үшін, сендердің болашақтарың үшін. Мемлекеттің тізгіні мен шылбыры қолдарыңа тиген кезде Сендер нағыз ысылған, тәжірибеде шыңдалған маман боласыңдар. Сол тұста менің сендерге айтатын аманатым: әр уақытта, күндіз-түні қазақтың тәуелсіздігін естен шығармаңдар. Ата-бабамыздың арманы болып келген тәуелсіздік біз үшін ең қымбат, жүректің ең лайықты орнында тұратын осы Тәуелсіздік болуы керек», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қоса, Елбасы тәуелсіз ел бола жүріп, басқа елдің шаңында қалмау керектігін де алға тартты. «Біріншілікте, алдыда боламыз десек, біздің жастарымыз білімді, білікті болуы шарт. Күндіз-түні жұмыс істеген жұрт озады. Ең көп жұмыс жасайтын Оңтүстік Корея жұрты мен ең аз жұмыс істейтін гректерді салыстырған адам мәселенің мәнісін де айқын сезетін еді», - деді Елбасы.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы - қара бастың емес, қарапайым халықтың қамы, бұл қол жетпес арман емес.
«Бізге қол жетпейтін арманның бірі Тәуелсіздік еді. Біз осыған да жеттік. Қазақстанды аяқтан тұрғызып, экономикалық қуатты державаға айналдыру, елімізді әлемдік кеңістікте танымал ету де бір арман болатын. Біз оны да бағындыра алдық. Осының өзі біздің ортақ үйіміздің іргетасы қаланғанын, керегесі керіліп, шаңырағы орныққанын білдіреді. Ал енді өз үйіміздің ішін жаңа технология мен техникаға толтыруымыз керек. Бұл біздің болашақтағы ең маңызды міндет», - Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы 2050 жылға дейін дүние көп құбылатынын, бүгінгі позициясын барлық мемлекеттер бірдей сақтай алмайтынын да айтып өтті. «Диффузия секілді біреу өрге шығар, біреу құлдырап төменге ысырылар. Бірі алда болғысы келеді, жақсы өмір сүргісі келеді. Ендеше бәсекелестік те қатаң болмақ. Ал келесі олимпиаданың жеңімпазы атану үшін чемпион ұдайы шынығуы керек. Біз тура сол жағдайда тұрмыз», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» негізінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалыс құруды ұсынды.
«Қазақстан-2050 - бұл біздің 21 ғасырдағы үлттық идеямыз. Ол біздің халқымыз ұмтылатын ұлы құндылықтарды, мақсаттарды айқындайды. Мен сіздермен өзімді көптен бері толғандырып жүрген идеяны бөліскім келеді. «Болашақ» негізінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалыс құруды ұсынамын. Сендер болмасаңдар мұны кім бастайды? 50-ші жылға дейін 37 жыл бар. Көп деп ойлайсыңдар, түк емес», - деді Елбасы.
Осы ретте Мемлекет басшысы аталған қозғалыс құрылған жағдайда болашақтықтар оның мән-мағынасын халыққа түсіндіру жұмыстарымен белсенді айналысулары керектігін баса айтты.
«Жалпы, ұлттық қозғалыс барша отандастарымызды ұлы іске жұмылдыруы қажет. Не үшін жасап отырғанымызды түсінуі керек. Бұл стратегия бүкіл халқымыздың мызғымас бірлігі мен зор жауапкершілігін талап ететін үлкен емтихан», - деді Н.Назарбаев.
Тарихта қазақ бір болғанда ешқандай жау оны алған емес.
«Біз қазақпыз. Өз ұлтымызды, өзіміздің қанымызды сыйлаймыз. Ең алдымен Қазақстанда қазақтың бірлігі керек. Сендердің, сендердің ұрпақтарыңның бірлігі қажет. Менің буыным, менің достарым, әріптестерім мойнымызға түскен ауыр жүкті көтердік, тәуелсіздікті орнаттық. Біз парызымызды орындадық. Біздің тағдырымыз бақытты болды. Бізге осындай кезең тап келді. Ал енді осының барлығын тұрғызып, нығайтып, болашақта сіздердің қолдарыңызға беретін боламыз. Сондықтан, алдымен бірлік керек. Енді еліміз көп ұлтты болып отыр. Ешкімнің кінәсі жоқ. Тарихи жағдай солай болды. Сол үшін де өзіміз ұлы боламыз десек, біз кең болуымыз керек. Басқа ұлтты жаншып ешкім де ұлы бола алмайды, - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Елбасы алдағы уақытта мемлекеттік тіліміздің де өсіп-өркендейтіндігін баса айтып, басқа ұлттармен бірлікте болып, оларды тәрбиелеуіміз қажеттігін атап өтті.
«Қазақ бір болғанда ешқандай жау оны тарихта алған емес. Бізді бөліп-бөліп, жүз деп, ру деп, сөйтіп барып алған болатын. Енді қолымызға бақыт құсы - Тәуелсіздігіміз келген кезде біз ешкімге оны қолымыздан бере алмаймыз», - деді Н.Назарбаев.