Президент "Оңтүстік" арнаулы экономикалық аймағын құру туралы жарлыққа қол қойды

ҚР президенті әкімшілігінің әлеуметтік- экономикалық талдау бөлімінің аталмыш құжатқа берген түсініктемесіне сәйкес, жарлық Қазақстан Республикасын 2003-2015-жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамыту стратегиясын жүзеге асыруға бағытталған.

"Оңтүстік" арнаулы экономикалық аймағы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында 2015-жылдың 1-шілдесіне дейін жұмыс істейтін болады.
Арнаулы экономикалық аймақ құруда мақта өңдеуші жоғары технологиялық өндірістерді, тоқыма және тігін өнеркәсіптерін кешенді дамыту, сондай-ақ, Қазақстан экономикасын дүниежүзілік шаруашылық байланыстар жүйесіне кіріктіруді пәрмендендіру мақсаты көзделген.
Арнаулы экономикалық аймақ аумағында еркін кедендік аймақ режимі жұмыс істейтін болады.
Түсініктемеде атап көрсетілгеніндей, арнаулы экономикалық аймақ құрып іске қосу - тоқыма өнеркәсібін одан әрі дамытуға, соның ішінде дайын өнімдер өндірісін дамытуға және атағы әлемге танымал тоқыма бұйым өндірушілерді елімізге тартып, өнімдер түрін арттыруға қолайлы жағдай жасайды. Арнаулы экономикалық аймақ Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп қана қоймай, сонымен бірге жалпы республика көлемінде тоқыма өнеркәсібі мен оған жанама өнеркәсіптердің дамуына септігін тигізбек.