Президент отандық бизнесті мемлекет тарапынан қаржылай қолдауды азайтуды ұсынады

"Мемлекет дегеніміз ақшаны сіздердің пайдаларыңызға жайдан-жай шаша беретін түпсіз тұңғиық қап деп ойлап қалмаңыздар. Бәрін өлшеп, есеппен жұмыс істеу керек. Бизнес өз бетімен аяғынан тұрып, маңызды мәселелерді шешуге тиіс", - деп мәлімдеді Н. Назарбаев "Атамекен" мүшелеріне қаратып айтқан сөзінде. "Бәрі де ақша сұрап, субсидия тілейтін болды. Олай болуға тиіс емес. Мемлекет дамуға қажетті салық және жерге қатысты жағдайларлы жасап беруге, ал сіздер ақшаны өз беттеріңізбен тартып, дамуға тиіссіздер", - деді ол.

"Мен мемлекеттің шағын бизнесті дамытуға және еліміздегі іскерлік ортаның бастамаларына көрсетіп отырған қолдауын тағы бір атап өткім келеді", - деді ол. Осы орайда президент "дегенмен кәсіпкерлікті дамыту саласында біртұтас келісілген бағдарламалардың бүгінгі күнге дейін жоқтығын" атап өтті. "Қауымдастықтардың дені қағаз жүзінде бар болғанымен, ешбір әлеуеті жоқ және бизнестің тауқыметтерін шеше алмай отыр. Олар әдетте түрлі ұйымдардың басшысына айналатын жекелеген адамдардың амбициясын қанағаттандыру үшін немесе жекелеген өнімдерді өткізу үшін құрылады", - деді президент.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2005 жылдың 24 наурызында Астанада Қазақстан кәсіпкерлерінің конгрессінде Қазақстанның жұмыс берушілері мен кәсіпкерлерінің жалпыұлттық "Атамекен" одағын құру туралы шешім қабылданды. Одаққа Қазақстан кәсіпкерлерінің салалық жетекші қауымдастықтары құрылтайшы және мүше болып енді. Атамекен одағы 2005 жылдың 25 сәуірінде ресми түрде тіркелді. 2007 жылдың маусым айында Қазақстанның жұмыс берушілері мен кәсіпкерлерінің жалпыұлттық "Атамекен" одағы осы аттас ұлттық экономикалық палата болып қайта құрылды.