Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұл заң Қан мен оның құрамды бөлшектері бойынша донорлықты жүзеге асырудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін қалауға бағытталған. Заңда азаматтардың денсаулығына нұқсан келтіргені үшін денсаулық сақтау саласының қызметкерлері жүктейтін жауапкершілік пен донорларды материалдық тұрғыда ынталандыру жүйесі қарастырылған. Сондай-ақ құжат мемлекеттік мекемелердің донорлық саласындағы құзыретін айқындайды.
Заңда қан жинау қызметтерін жүзеге асырушы ұйымдар мен денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан донор қаны мен оның құрамды бөлшектерін дайындау, сақтау және пайдалану шарттары бұзылған жағдайда жауапкершілік жүктеу қарастырылған. Сондай-ақ, донор қаны мен оның құрамды бөлшектерінің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуді көздейтін қосымша бап енгізілді.
Заң бойынша донор қан тапсыру туралы шешімді өз еркімен қабылдайды және донорлық функция атқарған кезде оның денсаулығын сақтауға кепілдік беріледі. Қан тапсыруға байланысты донордың өмірі мен денсаулығына нұқсан келген жағдайда ол шеккен зардаптың орнын толтыру мен әлеуметтік қорғау құқықтары қарастырылған. Ал донор қаза тапқан жағдайда оның туыстары мен қарауындағы адамдар республика заңдарында белгіленген тәртіппен өтемақы талап ету және әлеуметтік көмекке ие болуға құқылы.