Ұлттық банктің басқарма төрағасы Әнуар Сәйденовпен кездесу барысында президент жолдауын жүзеге асыру бойынша Ұлттық банк пен елдің қаржы жүйесінің алдында тұрған мәселелер талқыланды.
"Ұлттық банктің негізгі міндеті бағаға бақылау жасау және инфляциямен күрес. Біз жыл аяғына 10 пайыздан жоғары емес инфляция көрсеткішіне бағдар жасаймыз. Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен іс-әрекеттері осы мақсатқа жетуге көмектеседі деп ойлаймын", - деді тілшілерге кездесуден кейін болған брифингте Ұлттық банк төрағасы.
Ә. Сәйденов Ұлттық банк өткен жылы айналымда ақшаның өсуіне жол берген жоқ, сондықтан осы тұрғыдан бағаға қысым болмайды, деп атап көрсетті.
Кездесу барысында қаржылық тұрақтылықты қалай ұстап тұру, халықаралық қаржы нарығындағы жағдайдың теріс әсерінен қалай қорғану керектігі талқыланды.
Елбасы "ертерек ескерту" жүйесін жасап шығаруды тапсырды. Қазіргі уақытта бұл жұмысты Қаржы бақылау агенттігі Халықаралық валюта қорымен бірлесе отырып жүргізу үстінде. Мұндай индикаторларды жасау кезінде соңғы әлемдік тәжірибе пайдаланылмақ. Осыған байланысты дамыған елдердегі қаржы нарығының жағдайына мониторинг жасау өте маңызды.
"Сондай-ақ, Қазақстан банктерінің жұмысы, олардың биылғы сыртқы міндеттемелері талқыланды. Мөлшер айтарлықтай жоғары. Алайда, біз банктер өздерінде бас ресурстарды пайдалана отырып, бұл міндеттемелерден құтылады деп есептейміз. Дефолтқа жол берілмейді", - деп атап көрсетті Ә. Сәйденов.
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ президенті Жақсыбек Күлекеев Елбасыға компания үстіміздегі жылы Көлік және коммуникация министрлігімен бірлесе отырып, бірнеше темір жолдың құрылысын бастайтындықтары жөнінде мәлім етті.
Биыл локомотив құрастыру зауытының құрылысы басталады. Ол 2009 жылы алғашқы Қазақстан локомотивін пайдалануға береді деп күтілуде. Компания жүк вагондарын құрастыруды да қолға алуды жоспарлап отыр.
"Теміржолшылар ұжымы алдарына президент қойған тапсырмаларды орындауға қауқарлы. Біз компаниямыздың бес жылдық даму жоспарын бекіттік. Оған сәйкес, инвестицияға шамамен 890 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаражаттың бір бөлігін біз табамыз. Ал 200 млрд теңге қарызға алынады. Осылайша, алдағы жылдары компаниямыз шамамен 8 млрд АҚШ долларын темір жол саласының дамуына жұмсамақ", - деді Ж. Күлекеев.
Қазіргі уақытта, ұлттық компания жұмысының басым бағыттарының бірі жаңа корпоративтік басқару элементтерін енгізу болып табылады. "Қазақстан темір жолының" еншілес құрылымдарында енгізіліп жатқан корпоративті кодекс жасалып та қойған.
Парламент мәжілісінің төрағасының орынбасары Бақытжан Жұмағұловпен кездесу барысында Елбасы Қазақстан халқына жолдауды жүзеге асыру бойынша заң шығару қызметінің нақты механизмдерін жасау қажеттігіне тоқталды.