Президент сайлауын өткізуді партиялармен бірге жазушылар да қолдады

Мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы тосын ұсыныс төменгі палатада №1 тақырыпқа айналып бұрыш-бұрышта қызу әңгіме болып жатыр. Қазақстан халқы ассамблеясын бірауыздан қолдаған Мәжіліс президентті қалайда биыл сайлап алу керек дейді. Тіпті «бұл таққа кім лайықты?» деген тілшілердің сауалына таңданған депутаттар көп.

Гүлжан Қарақұсова, Мәжіліс депутаты:

-Ал сізге сұрақ ? Мен қай партияданмын? Қалай сіз ойлайсыз? Мен Нұр Отанда. Біздің  партия басшысы кім? Сонымен сізге сұрақ ? Бізде тек бір ғана бір Елбасы...

Тың бастамасымен елді елең еткізген Қазақстан халқы ассамблеясы да кезекті додаға қазіргі мемлекет басшысының қатысқанын қалайды. Ассамблея әлемдегі ушыққан геосаяси жағдай мен дағдарыстан елімізді Назарбаев қана абыроймен алып шығады деп отыр. Оның үстіне 2016 жылға қатар келетін президент пен парламент сайлауын бір-бірімен жағаластырмаған жөн екен.

Анатолий Башмаков, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары:

-2016  жылы әлемдік дағдарыс ушыға түседі. Ал бір уақытта екі саяси науқан өткізсек, бар назар соған ауып, дағдарысқа қарсы шаралар көлеңкеде қалып қоюы мүмкін. Сайлау өтсе, мұрагер туралы әңгіме де тиылар еді.

Президент сайлауын 1 жыл ерте өткізу саяси партияларға жан бітіргендей. Билік партиясы да науқанды асыға күтіп отыр.

Бауыржан  Байбек, Нұр Отан партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

-Нұр Отан партиясы елдегі жетекші саяси күш ретінде, аталған бастаманы толық қолдайды.

Ал комунистер сайлаудың уақыты нақтыланбаса да, саяси амбициясын көрсетіп үлгерді. Таққа таласатын үміткерлерін қосуға әзір.

Айқын Қоңыров, Мәжіліс депутаты:

-Біздің 100 мыңнан астам мүшеміз бар. Осылардың арасынан партияның атынан сайлауға  түссетін 2-3 адам табылады.  

-Жамбыл Ахметбековтың қайта түсуі мүмкін бе?

-Оны білмеймін...

Алақанын ысқылап отырған қалған партиялар да сайлаудың күні белгілі болса сьез өткізіп, кандидаттарын ұсынуға дайын. Партиялар ғана емес, бүгін ондаған қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер палатасы азаматтық альянс,  ардагерлер тіпті жазушылар одағы да сайлауды қалай да ертерек өткізуді сұрады.

Нұрлан Оразалин, Жазушылар одағының төрағасы:

-Уақытты көп созбай, әрі қоғамды көп күттірмей,әрі-сәрі халге жеткізбей,сайлау циклынан өтіп алу маңызды деп есептейміз. Сондықтан біз президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді толығымен қолдаймын.

Мұндай науқан ешкімге таңсық емес. 2011 жылы сәуірдің үшінде мерзімінен бұрын  сайлау болып, басым дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жеткен болатын. Оның үстіне конституция бойынша, Елбасыға сайлауға қатысуға шектеу қойылмаған.

-Ассамблеяның ұсынысы Парламенттің бекітуін қажет етпейді. Бастаманы президент қолдаса, мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөніндегі жарлыққа қол қояды. Сөйтіп ол  екі ай ішінде өтуі керек. Осылай болған жағдайда, саяси науқан сәуірдің ортасында не соңына таман өткізілуі тиіс. Ал президент сайлауының тұрақты қатысушысы эколог Мэлс Елеусізов үшінші рет бағын сынап көретінін мәлімдесе, Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов додаға қатысудан бас тартып отыр. Ал Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға қатысты пікірін жақын күндері жариялауы мүмкін.

Loading...