Статистикаға сүйенсек, әлем елдері кітапты көп оқиды екен, ал Қазақстанның оқу мәдениеті қай деңгейде? Халықаралық кітап сыйлау күні қарсаңында Caravan.kz медиа порталының тілшісі қоғамның оқу әдеті қалай қалыптасып жатқанын және қай мамандықтар көбірек оқитынын анықтап көрді.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктерге ескерту жасады. Президенттің айтуынша, кейбір мемлекеттік қызметкерлер оның баяндамалары мен сұқбаттарын мұқият оқымайды. Мемлекет басшысы қазіргі заманда ұзақ мәтіндерді оқу қиындап кеткенін жасырмады. Ғаламтор, қысқа формат, аудиокітаптар адамдардың кітапты отырып, ойланып оқу әдетін әлсіретіп барады.
«Интернеттің ықпалымен ұзақ мәтіндерді оқу қиындай түсті. Қазір кітаптарды тыңдау мүмкіндігі бар. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайды. Оқу керек. Әйтпесе зейнет жасына келгенде ойлау қабілеті әлсіреуі мүмкін», - деп келтірді оның сөзін Exclusive.kz.
Осылайша Президент шенеуніктерге ғана емес, тұтас қоғамға ой салды.
Кітап - жай қағаз емес. Ол - өзге әлем. Кітап арқылы біз басқа адамдардың тағдырын көреміз, басқа уақытқа сапар шегеміз, өзімізді танимыз. Қазіргі жылдам әрі цифрландыру заманында кітап бізге бір сәт кідіріп, ойлануға мүмкіндік беретін рухани құндылық.
14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні
Бұл мереке 2012 жылы америкалық балалар әдебиеті сайтының негізін қалаушы Эми Бродмурдың бастамасымен дүниеге келген. Бұл ойды оған кішкентай ұлы салған. Ол анасына «Неге адамдар бір-біріне жай ғана кітап сыйлайтын күн жоқ?» деп сұраған. Эми ойланып барып, осындай күннің болуы дұрыс деп шешкен. Оның бастамасы қысқа уақыт ішінде кеңінен тарап, көпшіліктің қолдауына ие болған. Қазір кітап сыйлау күні әлемнің көптеген елінде атап өтіледі.
Өйткені кітап – тек білім көзі ғана емес, шабыттың, жұбаныштың және қуаныштың қайнар көзі. Кітап сыйлау арқылы біз өзіміздің бір бөлшегімізді бөлісіп, өзгелерге жаңа әлемдерді ашуға мүмкіндік береміз. Әсіресе балалардың бойында оқу әдетін қалыптастыру өте маңызды.
Басқаларды қуанту үшін арнайы күн керек емес. Десе де, дәл осы күні достарға, туыстарға, әріптестерге, тіпті бейтаныс адамдарға кітап сыйлау үлкен дәстүрге айналған. Ол жаңа кітап немесе жүрекке жақын сүйікті туынды болуы мүмкін.
Әлем елдері қалай оқиды?
World Population Review ұйымының 2024 жылғы деректеріне сәйкес, цифрлық дәуірге қарамастан, әлем бойынша миллиондаған адам жыл сайын жүздеген сағаттарын қағаз және электронды кітаптарға арнайды.
Ең көп оқитын ел - АҚШ тұрғындары. Олар аптасына орта есеппен 7 сағатқа жуық кітап оқиды, бұл жылына 357 сағатқа тең. Сондықтан елде кітап клубтары, әдеби фестивальдер және кітаппен байланысты дәстүрлер кең тараған.
Үндістан АҚШ-тан бес минутқа аз оқиды екен. Жылдық көрсеткіш – 352 сағат. Кітап - мәдениет пен руханиятпен тығыз байланысты елде оқу әлі де даналық пен дамудың символы саналады.
Үшінші орында – классиктердің отаны, жаңбырлы кештердің мекені Ұлыбритания. Британдықтар аптасына шамамен 6,5 сағат, жылына 343 сағат кітап оқиды. Мұнда кітап ұлттық болмыстың бір бөлігі саналады.
Францияда аптасына шамамен 5 сағат 50 минут, жылына 305 сағат оқылады. Француздар үшін оқу - өмір салты.
Бесінші орынды Италия түйіндейді. Итальяндықтар аптасына орта есеппен 5 сағат 20 минут, жылына 278 сағат кітап оқиды. Олар асықпай, рахаттанып оқығанды жақсы көреді.
Қазақстан қай орында?
Жаһандық рейтингте Қазақстанның жағдайы жақсы деп айтуға келмейді. Ranking.kz мәліметінше, 102 мемлекеттің арасында еліміз 95-орында. Орта есеппен қазақстандықтар жылына бар-жоғы 2,77 кітап оқиды екен.
Салыстыру үшін: Қытай – 16-орында, Түркия – 29-орында, Қырғызстан – 69-орында, Әзербайжан – 82-орында.
Сарапшылардың айтуынша, әлем халқының 77%-ы кітап оқиды. Оның ішінде оқу бағдарламасына байланысты оқитын оқушылар мен студенттер бар. Соның тек 9%-ы электронды және аудиокітаптарды таңдайды.
Әлемдегі ең көп кітап дүкені бар қалалар
Кей деректерге сүйенсек, 2015 жылы жан басына шаққандағы кітап дүкендерінің саны бойынша Буэнос-Айрес көш бастаған. Халқы 2,8 миллион қалада 734 кітап дүкені бар – әр 100 мың адамға 25 дүкеннен келеді.
Ал World Cities Culture Forum зерттеуіне сәйкес, шамамен он жыл бұрын ең «кітапты қала» атағын Гонконг иеленген. Онда әр 100 мың тұрғынға 21 кітап дүкенінен келген. Үздік бестікке Шанхай (16), Торонто (13,9) және Нью-Йорк (10) енген. Алғашқы ондықты Мельбурн (8) түйіндейді.
Қазақстан бойынша кітап дүкендерінің нақты саны туралы ресми статистика жоқ.
2018 жылы Forbes басылымы елдегі кітап шығару ісі ұзақ жылдар бойы тоқырауда екенін жазған. Негізінен оқулықтар ғана көп тиражбен басылады.
Cronos.asia мәліметінше, 2010-жылдардың соңына қарай Қазақстанда 160-жуық офлайн кітап дүкені болған.
Қазақстандағы кітап нарығы туралы деректер
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша:
Inform.kz дерегінше, кітап оқуды жақсы көретін ата-аналардың үлесі бар болғаны 17%. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (31%) екі есеге жуық төмен.
Әлемдегі ең көп таралған кітаптар
Жаһандық рейтинг ондаған жыл бойы өзгермей келеді:
«Рейтингке сүйенсек, орташа қазақстандыққа “Гарри Поттер” сериясындағы 7 кітапты оқу үшін шамамен 2,5 жыл қажет».
Қай мамандық иелері көп оқиды?
Шенеуніктердің қаншалықты көп оқитынын нақты анықтау қиын.
Алайда 2025 жылы «Литрес» кітап сервисі ұсынған мәліметке сәйкес, ең көп оқитындар – маркетинг, жарнама және PR саласының мамандары. Бұл салада жұмыс істейтіндердің 81%-ы кітапты тұрақты оқитынын айтқан.
Одан кейін ғылым және білім беру саласының қызметкерлері (79%), сондай-ақ заңгерлер (73%) келеді. Лауазым бойынша ең белсенді оқырмандар – департамент басшылары.
Pew Research Center зерттеулері мәтінмен және интеллектуалдық қызметпен тығыз байланысты мамандық иелерінің кітапты жиі оқитынын көрсетеді. Бірақ зерттеушілер оқу түрін екіге бөледі: ләззат үшін оқу және жұмысқа байланысты оқу. Мысалы, дәрігерлер, фармацевтер, ІТ-мамандар мен заңгерлер кәсіби материалдарды көп оқығанымен, оны әрдайым «кітап оқу» ретінде қабылдай бермейді.
Көпшіліктің көзайымына айналған кітаб клубы
Кітап оқу – ұлт болашағы үшін маңызы зор. Статистика көңіл көншітпесе де, соңғы уақытта кітап оқу трендке айналып барады. Метро, қоғамдық көлік, тіпті көшелерде кітап оқып бара жатқан адамдарды кездестіру қалыпты жағдай. Бұл қуантарлық жаңалық. Сондықтан болар елімізде жылдан жылға оқырмандар клубтарының саны да артып келеді. Алматыда «Junta.kz» оқырмандар клубы 2018 жылдан бастап қарқынды дамып келеді. Клуб үштілділік саясатын ұстанады. Негізін қалаушы Маржан Қайраттың айтуынша, бала кезінен анасы мен әжесінің тәрбиесі кітапқа деген махаббатты сіңірген.
«Клубты мен 2018 жылы құрдым, ал 2020 жылы оны бірнеше бағытта дамытқым келді. Яғни қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі кездесулер, кино көрсетілімдер, бірлескен сапарлар мен музей, театрларға баруды біріктіруді ойластыра бастадым. Эстетика жағы да маңызды. Маған көбірек шынайы кездесулер ұнайтын, мысалы әдемі жерлерде, дәмді кофе ішіп отырып кітап талқылаудың өзі ерекше», - дейді Маржан бізге берген сұқбатында.
Оның айтуынша, пандемия кезінде халықтың кітап оқуға деген қызығушылығы арта түскен. Сол жылдары клуб дамуын жалғастырып, идеялары мен жаңа ойларын алып келген кітапсүйер қатары көбейді.
«Біз үш тілде оқып, дамып келеміз. Мен үшін клубтың барлығы үшін тату орта болуы маңызды. Әсіресе, Қазақстанға енді келген, достары мен ортасы жоқ жандарға бұл клуб үлкен қолдау болуы тиіс. Бұл — мен үшін басты құндылықтардың бірі», - дейді Маржан.
Бүгінгі таңда клуб 214 кездесу өткізіп, барлығы 260 кітап оқыған.
«Junta.kz» оқырмандар клубының алдағы кездесулері ақпан айының соңына жоспарланған. Жаңа оқырмандар үшін кездесулер кестесін ұсынамыз.
Caravan.kz медиа порталының тілшісі халықаралық кітап сыйлау күніне арналған және оқуға тұратын 5 кітаптың тізімін ұсынады.
1. «Абай жолы» – Мұхтар Әуезов. Қазақ халқының ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының өміріне арналған роман-эпопея. Шығармада Абайдың балалық, жастық, есейген шағы, ақындық дарынының қалыптасуы және сол дәуірдегі қазақ қоғамының кең панорамасы бейнеленген.
"Тірлікте жауыздық көп пе? Жақсылық көп пе? Менің білуімше, жауыздық пен жауыздар көбірек... Ендеше, олардың үні молырақ болуы да заңды..."
2. «Көшпенділер» – Ілияс Есенберлин. Қазақ халқының бес ғасырлық тарихын қамтыған тарихи трилогия. Елдің саяси құрылымы, хандар билігі, халық психологиясы мен әлеуметтік өмірі кең суреттеледі.
3. «Ұлпан» – Ғабит Мүсірепов. Ұлпанның парасаты, әділдігі, елге жанашырлығы арқылы қазақ әйелінің биік болмысы ашылады. Оның даналығы мен адамгершілігі ел жадында сақталады.
4. «Ақ боз үй» – Смағұл Елубай. 1928–1933 жылдардағы нәубет кезеңін суреттейтін шығарма. Ашаршылық, халық трагедиясы, тарихи шындықтар терең бейнеленеді. Жазушы Қиқымбай қисықтың аузымен мынандай əңгіме айтқызды.
«…жақында Гəлөшөкін Сталинге барыпты, мына ми далада аңдай өрген көшпенді халықты кəллектипке кіргізе алмай шашым ағарды деп… Сталин бір тауықты ауланың ішіне жіберіп, «ал ұста» депті Гəлəшөкинге. Гəлəшөкин олай қуып, былай қуып, тауықты ұстай алмапты. Күн суық екен. Сталин тауықтың жүнін жұлдырып, аула ішіне қайта жіберген екен, жүні жұлынған тауық Гəлəшөкинге өзі келіп тығылыпты. «Қазақты қолға ұстаудың тəсілін енді түсіндің бе?» депті Сталин. «Түсіндім» депті Голощекин.
5. «Балалық шаққа саяхат» – Бердібек Соқпақбаев. Жазушының ауыр балалық шағы, ашаршылық пен жетімдіктің зардабы шынайы суреттеледі.
«Дүниеде мен үшін одан асқан жексұрын сөз жоқ… “Жетім” деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар! Ұр, соқ, төбелес! Тіпті етінен ет кесіп ал, бірақ әлгідей деп тілдеме. Аяңдар!»