Бұл туралы белгілі тележүргізуші Мейрамгүл Мәдәлі жазыпты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Қаржылық Сауатқа сілтеме жасап.
"2019 наурызда келді. Сол жылы алдымен 5 сәби жанып кетті. Сосын Арыста жарылыс болды. Әлемде өмірі болмаған жаңа вирус шығып, КОРОНОВИРУС елді жалмап, онымен 3 жыл күресті.
Уф дегенде, Семей мен Қостанай орманы өртенді. Енді міне, ТОПАН СУ.
Қаңтардағы күресті айтпасам да білесіздер. Күрес, күрес, тек күрес. 30 жыл бойы әбден тозған, шіріген жемқор жүйенің нәтижесімен күрес.
Тоқаевтың су басқан әр өңірге Форбстағы тізімдегі бай-бағланды бекітеміз, солар үй салсын дегені – «Әбден жедіңдер, тойындыңдар, ел үшін іс істемедіңдер, енді сол істеріңнің нәтижесіне өздерің жауап беріңдер» дегені деп білем", - деді ол.
Айбар Олжаев, нарық шолушысы:
Дамыған елдерде қалталы кәсіпкерлер қоғамның әлеуметтік осал топтарына қаржылай қолдау көрсетіп жатады. Бұны әлеуметтік жауапкершілік десек те, жомарттық деп атасақ та жарасымды. Бір қызығы, оларда бизнесмендерге билік нұсқау бермейді, барлығы адамдардың өз еркімен, жеке қалауымен іске асады. Нағыз шын көңілден шыққан көмек осылай болуы керек еді.
Бізде қандай да бір апат болмасын Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін ғана кәсіпкерлер қимылмай бастайды. Оған дейін «сен тимесең, мен тименің» кебін киіп отырады. Бизнес қанша жерден жекеменшік десек те, жылдар бойы мемлекет тарапынан оларға аз қамқорлық жасалған жоқ.
Салықтық жеңілдіктен бастап, үкіметтің кепіл болуымен қарыз алып отырған компаниялар да бар. Ел басына іс түскен қиын кезде барлық ауыртпалықты мемлекеттің бюджетіне сырып қоймай, өз ұсыныстарымен көмектесуге болатын еді. Бірақ бұл жолы да Президенттің айтуымен қаражат бөліп отыр. Бұл бір жағынан амалсыздан жасалған көмек сияқты көрінеді екен.
Осындай апаттарда еліміздегі жекелеген қорлар, екінші деңгейлі банктер мен ірі өнеркәсіп орындары орналасқан өңірлері бойынша жергілікті халыққа қол ұшын беріп, белсенділік танытса дейміз.
Су кетеді. Ой қалады. Мүмкін алға осылай сатылап жылжырмыз.