"Нұр Отан" партиясы мүшелері мен қала тұрғындарының алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар ауқымды экономикалық жобалар жүзеге асырылып отырған аймақтың серпінді дамуын атап өтті.
Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды табысты жүзеге асырудағы "Нұр Отан" партиясының рөлін және партияның өз қатарына жастар мен белсенділерді тарту тәжірибесін атап көрсетті.
"Біз осы сайлауға сайлаушылардың белсене қатысуын, олардың адамдарға ұдайы қамқорлық жасап келе жатқан, Қазақстанның болашағы туралы ойлайтын, экономиканы дамытып, яғни ел өмірін жақсарта алатын партияға дауыс бергендерін қалаймыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент елімізде 30 корпоративтік көшбасшы бағдарламасы қолға алынып, Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы жүзеге асырылып отырғанын еске салды. Тек Алматы облысының өзінде соңғы екі жылда 46 жаңа нысан бой көтеріп, 10 мың жаңа жұмыс орындары ашылған, 15 мектеп, екі перзентхана салынған, 60 елді-мекенге таза ауыз су тартылған. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп дамып келеді.
Сол күні мемлекет басшысы Талдықорғанның бірқатар өндіріс нысандарын аралап көрді. Президент металл өнімдерін шығарушы "ТК Метакон" зауытының жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысы сондай-ақ "Гранито плюс" ЖШС-інде болып, қыш-гранит тақтайшалары өндірісін іске қосу рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы Талдықорғандағы "бір терезе" қағидасы бойынша қызмет ететін Халыққа қызмет көрсету орталығында болды.
Елбасы терминалдың жұмысымен, электрондық кезек жүйесі және халықтан құжат қабылдау тәртібімен танысты.
Сол күні мемлекет басшысы Талдықорғанның орталық алаңында орналасқан Алматы облысының инвестициялық жобалары көрмесінде болып, аймақты дамытудың ағымдағы көрсеткіштерімен және оны алдағы кезеңде дамыту жобаларымен танысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті