Президенттің Брюссельге сапары барысында Қазақстанның ядролық отынын Еуропалық Одақ елдеріне сатуға мүмкіндік беретін құжаттарға қол қойылады- ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі

"Нұрсұлтан Назарбаевтың Брюссельге сапары кезінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ, атомды бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі меморандумға қол қойылады",- деді Б.Ізмұхамбетов.

Оның айтуынша, әлемдік қордың 20 процентінен асатын уран кеніне ие Қазақстан тек уранды өндірумен ғана шектелмей, сонымен бірге оны байытып, АЭС-ына арналған ядролық отын түрінде қосалқы құны жоғары өнім шығаруға да ниет білдіруде.

"Қазір біз осындай "таблеткаларды" Ресейдің Атом электр станцияларына арнап шығарамыз. Ал болашақта оны басқа елдерге де сатпақшымыз" ,- деді министр.

"Президенттің сапары кезінде қол қойылады деп межеленген меморандумда дәл осы бағытта ЕО елдерімен келешекте ынтымақтастық орнату мүмкіндігі қарастырылады",- деді Б.Ізмұхамбетов.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті