Профориентолог: "Мамандық таңдағанда критерийлер болмайды"

Осы және өзге де маңызды сұрақтарды Caravan.kz медиа порталының тілшісі педагог - профориентолог маман, ҚР профориентологтар Ассоциациясының мүшесі Гульзат Кибасоваға қойған еді. 

 - Кейінгі 3-4 жылда ҰБТ форматы жиі өзгеріп, түрленуде. Жалпы мұндай өзгерістер тесттің сапасына әсер етіп жатыр ма?

- ҰБТ сұрақтарының түрленуі ҰБТ тапсырушылардың нәтижелері мен оқу бағдарламаларының жаңарып тұруына байланысты деп ойлаймын. Жаңарған сұрақтар ҰБТ нәтижесіне әсер етпейді. Себебі, бала мектептегі 11 жыл алған білімін меңгеріп шығу керек деп саналады. Әлбетте сұрақтар оқу бағдарламасынан тыс құрастырылмайды. Оның үстіне жақында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің келесі оқу жылының ҰБТ-сы тағы өзгеретінін айтқан болатын. Өзгерістің мақсаты сұрақтар бір сарынды жаттанды болмауы керек, тапсырушының ойлау қабілетіне сүйенетіндей сұрақтар құрастыру еді. Яғни,  тапсырушылар бірыңғай жаттанды сұрақтарға жауап бермей, өз ойы мен пайымына сай жауап бере алатын сұрақтар қосылады. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты - қазіргі жас ұрпақтың ой өрісі мен пайымдау қабілетін дамыту деп ойлаймын. Өзіндік пайымы бар мектеп түлегі өз таңдауын да дұрыс жасай алары сөзсіз.

- ҰБТ нәтижесі оқушының 11 жыл бойы алған білімінің көрсеткіші деу қаншалықты дұрыс?

- Әрине, оқушы 11 жыл мектеп бағдарламасын меңгеру арқылы ҰБТ-ны жақсы тапсыратыны сөзсіз. Алайда, сабағым нашарлау еді, ҰБТ-дан өтпей қаламын-ау деген қағида жоқ. Әр оқушы индивид. Сұрақтар легі қалай келері ешкімге белгісіз. ҰБТ-дан соншалықты қорқудың да қажеті жоқ.  ҰБТ-ны шешуші емтихан деп қабылдау да дұрыс емес. ҰБТ-ны тек қана ЖОО-ға түсу емтиханы деп қараса жеңілірек болар еді. ҰБТ тапсыру да, тапсырмау да оқушының өз еркінде. Иә,  алғаш рет ҰБТ енгізілген 2004-2005 жылдары  алған баллына сәйкес аттестатқа тапсырған пәндерінің бағалары қойылатын еді. Қазір жүйе өзгерді. Сәйкесінше аттестатты ҰБТ тапсырмаса да ала алады.

- Не себепті кейбір балалар өзінің кім болғысы келетінін нақты біледі, ал кейбірі болашақ мамандығы туралы ойланғысы да келмейді?

- Бала өзінің  қалауын нақты біліп,  білмеуіне көп факторлар әсер етеді. Ең алдымен, ата-анасының балаға деген қарым-қатынасы. Одан кейін ортасы және баланың жеке қабілеті.  Балаға  ең бірінші әсер ететін фактор – ата-ана. Олай дейтінім, балаға деген аса көп қамқорлық та кері әсерін тигізеді. Бұл жерде бала үшін ата-ана өзі шешіп, өзі таңдау жасап беруі бар. Ондай жағдай кішкентайынан балаға таңдау еркін бермей кез келген нәрсені ата-анасы таңдап беруден, бала үшін жауап беруден бастау алып кетеді. Яғни, баламен санаспайды.  Қарапайым ойыншық немесе  киім алып бергенде де баладан «өзің не қалайсың?»  деп сұрамаудан бастау алады. Мана да айтып өттім, әр бала жеке тұлға, бала болса да өзіндік ойын, пікірін тыңдап санасып үйрету керек. Балаға таңдау жасауды, өзіне не керек екенін ұғындыруды кішкентайынан дағдыландыру керек. Кішкентайынан өзіне не керегін анық айта алатын бала, өмірлік таңдауларын да қиналмай жасай алады.

- Сонда ата-ана баланың шешімдеріне мүлде араласпау керек пе?

-  Енді бұл жерде ата-ана баланың шешіміне мүлде араласпасын деген көзқарас қалыптаспау керек. Ата-ана бағыт беруші рөлінде болу керек. Мамандық таңдарда көп ата –ана өзі таңдап беріп жатады. Алайда,  бала өз кезегінде өзінің қабілетіне, өзінің қызығушылығына сай маман иесі болса әлдеқайда дұрыс болар еді. Баланың қабілетін байқап, қызығушылығымен санасып, мамандық таңдарда баламен бірге отырып зерттеп, таңдасуға бағыт берген жөн. Бірақ, соңғы таңдау сөзін бәрібір де баланың өзіне қалдыру керек деп ойлаймын. Оның бұл таңдауы болашағында маңызды рөл атқаратынын түсіндіріп айтқан жөн. Қазір бәрі табысы көп, немесе “өлмейтін” мамандық деп айтып балаларын өз таңдауынан тыс басқа мамандықтарға оқытып жатады. Алайда сүйіп кіріспеген әрбір іс  табыс әкелмейтінін ескеру керек деп ойлаймын. Кімде -кім сүйікті ісімен айналысса, жұмысын сүйсініп істесе табысты болары хақ.

-  Мамандық таңдай алмаған  балаға ата-ана қалай және қашаннан бастап көмектесу керек?

- Негізі ата - ана негізі кішкентайынан баласының қабілетін байқау керек деп ойлаймын. Ол үшін баланы түрлі қосымшаларға беріп көру керек. Мысалы,  баланы спортқа беріп 1-2 айдан кейін ол балаға спорт ұнамай қалса оған уайымдаудың қажеті жоқ, ол қалыпты жағдай. Бала 12-13 жасқа дейін таңдауларын іздеу жолында болады. Яғни,  бір күні домбыраға қызықса, 1-2 айдан кейін мүлдем басқа салаға қызығып кетуі ықтимал. Осылайша бала өзінің саласын табады. Өзіңіз білесіз, қазіргі таңда профориентологтар мектептерде арнайы штат болып ашылды. Жалпы баланың қабілетін ашу, анықтау жұмыстары оқушыларға 7 сыныптан бастап жүргізіледі. Сол жастардан бастап баланы әр салада, әртүрлі жұмыстар беріп байқауға болады.  Демек ата – аналар да өз балаларының таңдауымен осы жастардан бастап айналысса кеш болмайды деп ойлаймын.

- Сіздің профориентолог маман ретіндегі  методикаңыз қандай?

- Мен өзім арнайы профориентолог саласын оқып, зерттеп құжатымды алғаныма 7 айдай болды. Алайда, мектепте 2,5 жыл бейіндік оқу ісі орынбасары ретінде жоғары сынып оқушыларымен дәл осы салада жұмыс істедім.  Өз тәжірибемде түрлі отбасы, түрлі ата-ана, түрлі оқушы типтерін көрдім. Бірақ,  бәрінен бұрын бірінші орынға оқушының нені қалайтынын қоямын. Оқушы өзі қаламаса, оқыған мамандығы да, алған дипломы да шаң басары сөзсіз, тіпті жұмысқа ілікті дегенде де 2-3 жылдан кейін әйтеуір бұл саланың өзінікі емес екенін түсініп өз қалауымен басқа мамандықты меңгеріп жұмысын өзгертетіні ақиқат. Мен алдымен баламен сөйлесіп, түрлі типологиялық тесттер арқылы баланың жалпы сипаттамаларын анықтап қараймын. Одан кейін ата-анасымен кеңес жүргізіп, баламен де жеке сөйлесіп, одан соң бәрімен қайта  кеңес өткіземін. Баланың толық портреті қалыптасқанда оның барлық ерекшеліктерін ескеріп, оған  сай келетін мамандықтар туралы ақпарат беремін. Таңдау еркі баланың өзіне қалдырылады.

- Мамандықты қандай критерийлерге  сүйеніп таңдаған дұрыс?

-  Мамандық таңдағанда қатып қалған критерийлер болмайды. Мамандықтың бәрі жақсы, істей білген адамға. Алайда қазіргі таңда кейбір мамандықтарға сұраныс азайып, ал кейбір мамандықтарға сұраныс көбейіп отыр. Тіпті заман талабына сай жаңа мамандықтар легі де көп. Әр оқушы мамандық таңдарда еңбек нарығын қарап, сұранысы деңгейі қандай деген сияқты  зерттеу жүргізе білуі қажет. Егер ондай зерттеулерді өз бетімен жүргізе алмаса, профориентологтар қызметіне жүгінген дұрыс.

Сұхбатыңызға көп рақмет!