Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Кейін белгілі болғанда жасөспірім шизофрения дертімен психдиспансерлік есепте тұрған.
Кейінгі жылдары еліміз инклюзивті қоғам құруға ұмтылып жүрсе де, бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Көпшілігі балаға дұрыс қарамаған ата-анасына кінә тағуда.
Ал, заңгер Айгүл Орынбек елімізде мұндай дертпен ауыратын балалардың көп екенін айтады. Науқас балалардың көпшілігі дұрыс ем-дом да алмайтын көрінеді.
"Шизофрения ауруымен ауыратындарға мемлекет тиісті деңгейде көңіл бөлу керек.
Қазақтар бұл ауруға онша мән бере бермейді, қазақша “құс келгенде, құс кеткенде ауырады” деп балаларын үйде ұстап отыра береді. Бұл толық жазылмайтын созылмаулы ауру түрі. Бұндай аурумен ауыратын адамдардың фантазиясында шек жоқ. Кейбірінің миы сау адамдардан артық жұмыс істейді. Бізде қаншама ата-ана бұндай диагнозы бар балаларын үйлерінде ұстап отыр. Себебі балаларын жындыханаға апаруға қимайды.
Халықпен тығыз жұмыс істеген соң бұндай балалардың жағдайымен көбірек жолығамын. Ең алғаш осыдан 6-7 жыл бұрын Маржан деген қыз жайлы да қатты шу болған кезде, бұл ауру жайлы екі үш ай зерттедім. Көптеген ғалымдардың зерттеулерін оқыдым. Біраз мамандардан кеңес алдым. Қоғамда резонанс болған соң, жындыханаға кіріп қыздың құжаттарымен, анасымен, дәрігерлермен сөйлесіп кішкентай кезінен емделген құжаттарын көрген соң, ол қыз сол жақта қалып ем алғаны дұрыс деген тұжырымға келгем. Сол кезде кейбір адамдар сол қызды жындыханаға мен апарып жатқызғандай шулады. Ал негізінде ол қыздың анасы үш жасынан бастап Алматы қаласында дәл осы диагнозбен емдеген . Шымкентке ол қыз өскен соң ауыстырылған.
Бірақ қоғам шулады, анасын қаралады , дәрігерлердің қортындысына сенейік деген мені қарғап сіледі. Нәтижесінде оны асырап алған әнші де одан бас тартты. Кейде халыққа дұрыс жол көрсетсеңде жақпайсың, дұрыс па, бұрыс па зерттемейді де ауыздарына келгенді құса береді", - деп жазды заңгер.
Ол баласының психикалық ауытқуы барын біле тұра үйінде ұстаған ата-аналарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды.
"Кешегі жағдайға ұқсас тағы бір оқиғаны айтып кетейін. Қарғандыда , кішкентай бала көршісіне пышақ тығып алған. Анасы жақында “бала үш жыл болды Алматыда ем алды, ал дәрігерлер жібермей жатыр. Шығаруға көмек беріңіз заңсыз ұстап отыр, оның есі дұрыс” деп хабарласты.
Дәрігерлер жәйдан жәй ол баланы ұстамайды. Дәрігер мамандар жиналып қортынды бермесе ол қоғамға қауіпті дедім. Әрине ол кісі маған ренжіді. Кез келген анаға өзінің тоғыз ай көтерген баласы әппақ, бірақ мида ауытқуы бар баланы ұстау, оны қадағалап бақылау мүмкін емес. Қоғам кейде көп мәселені бір жақты қабылдап жатады, екінші жағын осылай оқыс жағдайлар болғанда ғана ойбайлап шулап жатады. Кез келген жағдайда нағыз сарапшы мамандардың пікіріне жүгінген жөн!
Ал біздің депутаттар, ата-ана баласының ауытқуы бар екенін біліп, ауруын жасырып үйінде ұстаса қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң шығару керек. Себебі бұндай аурумен ауыратында біздің елде көп!", - деп түйіндеді Айгүл Орынбек.
Ал, журналист әрі ерекше баланың анасы Гүлбану Әниятқызы елдегі бұл салаға терең реформа керек екенін айтты.
"Мен кешеден бері пышақ ұстаған жасөспірімнің анасын ерекше баланың анасы ретінде түсініп, аядым. Ал біздің қоғам “ата-анасын соттау керек, мектептегі агрессиясы бар балаларды шығарып тастау керек деп жатыр. Анасы жалғыз өсіріп отыр екен, қарай алмай қалды ма, кім біледі? Қарай алмаса, психдиспансерге неге өткізбейді дейді? Ол жақта да жауыздар көп қой, қорлайды, зорлайды. Жалпы осы салаға терең реформа керек. Өткенде осы мәселені министрмен сұхбаттасқанда сұрағанмын. Бірақ Үкіметтен қайыр жоқ сияқты", - деп жазды ол.