Путин мен Назарбаев Каспий ойпатында 15 километрлік ұңғыма бұрғылау жобасын іске қосты

Жоба шеңберінде терең ұңғыма бұрғылау көзделіп отыр.

Қос мемлекет басшылары кілт белгінің көмегімен жобаны іске қосты. Жоба жүзеге асырылғаннан кейін Каспий ойпаты аумағында 7-9 шақырым тереңдікте жатқан көмірсутегі қорын өндіруге мүмкіндік тумақ.

Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, геологтар «Қазақстандағы көмірсутегі қорының 80 пайызға жуығы осы аймақта шоғырланған» деген болжам жасап отыр.

«Еуразия» жобасының үйлестірушісі Балтабек Қуандықов алдағы бірер айда жобаны жүзеге асыратын консорциум құрылатынын айтты. Жоба келесі жылдан бастап жүзеге аспақ. 5 жылға жоспарланған жобаның жалпы құны 500 млн долларға жуықтайды.

Оның айтуынша, Лукойл, Роснефть сынды компаниялар мен батыстағы серіктестер жобаға қатысуға қызығушылық танытып отыр.


Каспий ойпаты аумағының 30 пайызы Ресейде орналасқан.