-Бірнеше мәрте кейінге шегерілген бейресми кездесудің бүгін сәті түсті. Еуразиялық Одақ ресми түрде құрылғаннан кейінгі бұл Назарбаев, Путин, Лукашенконың осындай құрамда бет-бет алғаш кездесуі. Беларусь президенті кеше келіп, түнімен келіссөз жүргізген болса, Путин мінген ұшақ Астанаға таңда қонды.
Сондықтан Ресей президенті әуежайдан түскен бойда тура Ақордаға тартып, Нұрсұлтан Назарбаевпен жеке кездесті. Осы кезде Путиннен бұрын әріптесімен кеше кездескен Лукашенко, оларды сыртта күтіп, вице-премьер Сағынтаевпен сөйлесіп уақыт өткізіп тұрды. Ал Ресей мен Қазақстан президенттері екі елдің арасындағы қарым-қатынасты асықпай талқылады. Назарбаев Путинге алдағы сайлау туралы айтып берген. Бұл саяси додаға қатысты Кремль қожайыны да пікір білдіруді жөн санады.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
-Назарбаев өз елінің мойындалған көшбасшысы. Қазақстан емес, әлемдегі ең бірегей тұлға. Атақты саясаткер. Бұл жағынан сырттан қолдауды қажет етпейді. Бірақ, Қазақстанды шексіз сүйетін адамдар, оның тұрақты дамуын қалайтын адамдар бұл күндері Назарбаевқа қолдау көрсеткені өте маңызды.
Осыдан кейін Путин мен Назарбаевқа сыртта күтіп тұрған Лукашенко қосылды. Кейін үш президент биыл Еуразиялық Одақтың нағыз сыналар шағы деді. Өйткені Украинадағы жағдайға байланысты Еуроодақтың Ресейге салған санкциясы, мұнай бағасының түсуі, төл валюталардың құлдырауы одаққа мүше мемлекеттердің экономикасына әсер етіп жатыр. Осының кесірінен, өзара тауар айналымы күрт азайып кеткен.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Мәселен, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 20 пайызға төмендеп кетті. Әсіресе, экспорттық тауарларға. Әрине, мұндай жағдайда ұлттық валюталарымыздың әлсірейтінін білдік. Бұл жағдайда қоян-қолтық жұмыс істеуіміз керек.
Тығырықтан шығудың жолын Беларусь президенті ұсынды. Оның айтуынша, алыс-берісті отандық тауарлармен жүргізген жөн.
Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:
-Одақ ішінде сауданы өз елімізде шығатын тауарлармен жасау керек. Яғни, ішкі нарықты өз тауарларымызбен толтыру қажет. Бұл ең басты мәселе.
Осы жерде Путин Астана төрінде отырып валюталық одақ құруды тағы ұсынды. Ресей, Қазақстан, Беларусь арасында бір ақша болғанын қатты қалайтын Ресей президенті бұған ортақ нарықты қорғау үшін бару керек деп отыр.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
-Болашақта ортақ валюталық одақ құру мәселесін қарайтын кез келді. Иық тіресе жұмыс істеп, сыртқы қатерлер мен экономикалық қауіптерге әрекет етсек, бірлескен нарықты қорғау оңай болады.
Бұл ұсынысқа қатысты Лукашенко да, Назарбаевта пікір білдірген жоқ. Кездесуде Украинаның Шығысындағы қарулы қақтығыс та сөз болмай қалмады. Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы да ұстанымынан айныған жоқ. Соғысты қарумен емес, дипломатиямен шешуді ұсына келе, Украинаның тұтастығы мен тәуелсіздігі сақталауы керектігін мәлімдеді.
Бір қызығы сәйкестік пе әлде солай болды ма, бүгін Еуропалық одақ та Брюсселде кеңесіп жатыр. Жиында Ресейге қатысты кезекті санкция салу мәселесі қаралуда. Ал Ақордада таңнан кешке дейін келіссөз жүргізген Назарбаев, Путин, Лукашенко, Еуразиялық Одаққа төнген қатермен бірігіп күреспек. Енді үнемі кеңесіп отыруға да келісті. Осындай, бейресми кездесулердің бірі 8 мамырда Мәскеуде жоспарланып отыр.
Loading...