Қабдеш Жұмаділ: "Қазақ қызы" дер кезінде шыққан журнал

Оны Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік және тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділ бүгін Алматыда қыз-келіншектерге арналған республикалық "Қазақ қызы" журналының тұсаукесер рәсімінде айтты.

"Тұсаукесер - бұл қоғамдағы үлкен жаңалықтардың бірі. Жаңа басылымның өмірге келуі, жаңа пікірдің айтылуы рухани дүниеге қосылған соны құбылыс пен үрдіс. "Қазақ қызын" оқып шығып дер кезінде шыққан журнал екен дедім. Қазақ қызы деген сөздің айналасында қаншама тақырыпты қозғауға болады. Отбасы, әсемдік, сұлулық, сән, дәстүр, сана деген сияқты. Бұл күнде әйелдер қоғамды ұстап тұрған үлкен күш қой. Олар сан жағынан да көп екен", - дейді Қабдеш Жұмаділ. Жазушының айтуынша, қазақ қызы - адамдарды тартып тұратын сарқылмайтын үлкен тақырып. Қыз өсіру, гүл өсірумен бірдей.