Қадыр Мырза Әлінің 7 мыңға жуық кітабы Оралға әкелінді

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың мәлім еткеніндей, ақынның құнды мұраларының Оралға жеткізілуіне ең алдымен Елбасы тапсырмасына сәйкес облыс орталығында Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер орталығының бой көтеруі себеп болды. Мың орындық амфитеатры, Қазақстан Жазушылар, Суретшілер одағы сынды шығармашылық ұйымдар орналасатын бөлмелері, Ақ Жайық өңірінен шыққан ақын-жазушылардың мұражайлары, конференц-залы, басқа да заманауи  орындары бар, ТМД елдерінде баламасы жоқ бұл ғимараттың құрылысы бітуге жақын. Екіншіден, ақынның ғұмыр бойы жинаған кітаптары мен жәдігерлерінің елге жетуіне облыс басшысы Нұрлан Ноғаев ұйытқы болды. Ол ақынның жары Салтанатпен, ұрпағымен тіл табысып, тікелей байланыс жасады. Соның нәтижесінде Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан барған алты маман ақынның кітапханасын ғылыми негізде іріктеп, теңдеді. 6767 кітап, Қадыр тұтынған жұмыс үстелі, жазу мәшінкесі, жұмсақ жиһазы, барлығы 239 жәдігер «КамАЗ» көлігімен елге әкелінді.

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың бас маманы Асылғаным Жұмағалиеваның айтуынша, ақын кітапханасында 7 мыңнан астам кітап сақтаулы екен. Оның ішінде энциклопедия, анықтамалық, көркем әдебиеттер, әлем әдебиеті, аудармалар, автобиографиялық әдебиеттер бар.


Енді ақын кітапханасы мен тұтынған бұйымдары Оралдың төрінде тұратын болады. Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық жыл аяғына дейін пайдалануға берілмекші.