Алматының қақ ортасында жарылған құбыр осылайша айналадағы адамдарды майып қыла жаздаған. Қайнаған судан 11 адам зардап шекті. 16 жасар Ернар содан бері төсегінде. Аяғын баса алмайды. Ас ауқатта жүрмейді, түнімен тәні қақсап ұйқысыз өтеді жеткіншектің.
Ернар Мұратов:
- Суға құладым, суға құлағанда досым құтқарып қалды. «Күйді»м деп ойлаған жоқпын, үйге барып «киімімді ауыстырам» деп қайтадан жақсы болады деп ойладым. Достарым қолымда көріп жедел жәрдем шақыртты. Керек жоқ дедім, өзім ұққан жоқпын күйгенімді.
Содан жеткіншек жансақтау бөлімінде бір апта жатты. Ал бауыр еті баласының қайнаған суға күйіп, өлім мен өмірдің арасында жатқанын анасы кейін естіген. Қазір ұлының беті бері қарағасын айыптыны іздеп жүр.
Гүлнар Нупбаева, Ернардың анасы:
-Жылу жүйесіне барып бас директорымен сөйлестім, одан да ешқандай нәтиже болмады.
«Алматы Жылу жүйесі» болса қаладағы құбырлардың жартысынан астамы жарамсыз деп арқаны кеңге салып отыр. Бар жауапты өздері тіркелген сақтандыру компаниясына аудара салған. Олар болса тиісті қаржыны береміз, қалғаны тараптардың тартысы деп салды.
Асқар Баймұханов, Сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы:
-Біз заңға сәйкес 300 айлық есеп көрсеткішпен санап төлейтін мүмкіндігіміз бар. Ол 555 мың теңге. Сол есепке дейін көмегімізді көрсете аламыз.
Бірақ бұл қаржы жыртыққа жамау болмай тұр. Құбырлардың тозғанын біле тұра қаннен қаперсіз жүрген жауаптылар болса жауаптан жалтарып әлек. Тіптен езу тартқызды айтқандары.
Марина Хохлова, “Алматы жылу жүйелер” ЖШС бас директорының орынбасары:
-Біз ешқандай қосымша ақша төлей алмаймыз, тек сақтандыру компаниясы есептеп береді. Егер өз тарапымыздан қаржылық көмек беретін болсақ біздің бұл әрекетімізді заңға қайшы болып айыппұл салынатын болады.
Айыптылар адам айтса нанғысыз нәрселерді сөз етіп жатқанында 16 жасар Ернардың науқасы тіптен ауыр екені айқындалды. Оның тәнінің сыртында ғана тыртық қалмайды, іш құрылысы да зақымданған.
-Беті бері қараған баласының сырқаты сыртымен ғана шектелмейтінін естіген жәбірленуші тарап істі жылы жауып қоя салмақ емес. Қолда барға қанағат қылыңыз деген жауаптыларды сотқа бергелі отыр. Кемі миллион теңге моральдық шығын талап етпек “Алматы жылу жүйесінен”. Ол қаржыға Ернарға шетелге апарып пластикалық операция жасатпақшы.