Қайрат Нұртастың концертінде болған тәртіпсіздіктерге қатысқан екі адам сотталды

«Прайм-Плаза» сауда үйі маңындағы концерт кезінде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан екі адамды соттады.

Судья Гүлнар Қонақбаеваның айтуынша, олардың бірі Қылмыстық кодекстің «бұзақылық» бабы бойынша айыпты деп танылды.

«Ол екі жыл бас бостандығынан айырылды және оған тұрғылықты жерін, мекен-жайын, жұмыс орнын ауыстыруға, арнайы органдардың рұқсатынсыз басқа жаққа кетуге, түнде көңіл көтеретін орындарға баруға тыйым салынды», - деді судья.

Судьяның айтуынша, сотталушы кінәсін толық мойындаған және қатесін түсініпті. «Оның мінездемесі де жаман емес. Сот мұны да ескерді. Қазір оның жасы 18-де, қылмыс жасалған кезде 17-де болатын. Ол сауда үйінің терезелеріне тас лақтырған», - деді Г.Қонақбаева.

Тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін істі болған екінші жігіттің жасы 16-да. Ол Қылмыстық кодекстің 257-ші және 185-ші баптары бойынша (біреудің көлігін иемдену) кінәлі деп танылды.


«Сот оны екі жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Жасөспірім сауда үйінің терезелеріне тас лақтырған соң полиция көлігін мініп кеткен. Бір айналып келгеннен кейін, көлікті жақын маңға тастап кетіпті», - дейді ювеналды сот төрағасы Жеңіс Кәрібаев.

Төрағаның айтуынша, балаң жігіт «аудандық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иемденген» көрінеді.