Қайрат Нұртастың концертінің шырқын бұзғандар ұсталды

Осыдан екі күн бұрын ғана Прайм Плаза сауда орталығының аумағында жаппай тәртіпсіздік болғаның қазір елестету қиын. Ән кешін ұйымдастыру үшін қойылған сахна қиратылып, кешен сыртындағы дүние-мүліктің тек күлі ғана қалған еді. Сонымен қатар концертке келіп көңілдері толмаған көрермендер, терезелерді сындыру арқылы өшін алған көрінеді.

Сауда орнының алды 2 сағаттай ұрыс алаңына айналған. Тәртіпсіздікке тосқауыл қою үшін қала орталығына полиция жасағының барлығы тартылып, көлік қозғалысы бірнеше сағатқа тоқтады.

Қайрат Нұртастың қатысуымен өтуі тиіс концертке бейресми ақпарат бойынша 7 мыңға жуық адам жиналған екен. Әншінің бір әнді де аяқтамай сахнадан кеткені көрермендердің ашуын шақырған.

Бірақ ызалы топты сөзбен тоқтату мүмкін болмады. Сахнаға шөлмектер мен тас атқыланып, бірер минут өткен соң жағдай тіптен ушыққан. 

Жаппай тәртіпсіздік орын алған жерге ішкі әскер мен тәртіп сақшылары келген уақытта концерттік алаңның тас талқаны шыққан болатын. Қымбат аппаратура қиратылып, қолына түскенін қару еткен топ сауда орталығы мен көшедегі көліктерге лап берген.

Жастардың жүгенсіздігінен сол түні 90-нан астам адамға медициналық көмек қажет болды. Олардың басым бөлігінің миы шайқалып, түрлі дене жарақаттарын алған. Араларында тәртіп сақшылары да бар.

Ерлан Рахаділов, Алматы қалалық жедел жәрдем ауруханасының нейрохирург-дәрігері:

Алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. Жараларын өңдеу, таңу және зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бас миының шайқалуына зерттеу жасалды. Науқастар әлі зерттелу үстінде. Жағдайлары қалыпты жағдайда. Жеті немесе он күн ішінде үйлеріне жіберіледі деп жоспарлап отырмыз.

Осыған байланысты Алматы қалалық ІІД «бұзақылық» және сауда орталығына қатысты «өз міндетіне атүсті қарады» деп қылмыстық іс қозғап отыр. Сонымен қатар департамент өкілдері «Прайм Плаза» басшылығының тиісті рұқсат алмағаның хабарлаған еді. Бірақ концертті Әуезов ауданының әкімдігінің мақұлдап, ресми құжат та бергені анықталып отыр.


Данияр Батырбаев, «Прайм Плаза» сауда орталығының ресми өкілі:

Сауда орталығының мамандары және полиция қызметкерлері кездесіп, қауіпсіздік мәселесін талқылаған. Рұқсат берілмеді дегені де шындыққа жанаспайды. Ал көрермендердің барлығын қиратуы Қайрат Нұртастың кінәсінен. Ештеңені түсіндірмей сахнадан кетіп қалды.

Ал әншінің өзі ұйымдастырушылар дайын болмады деп отыр. Айтуынша, сахнаны жолға жақын жерге орналастырып, қауіпсіздік шараларына мән берілмегені бассыздықтың басты себебі.

Қайрат Нұртас, әнші:

 –Ол менің жеке концертім емес. Мен концертке келдім. 20:15-те келдім, өзімнің әнімді бастап бердім. Ұйымдастырушылар тоқтат деді, тоқтаттық. Бізден кінә жоқ.  Баклашка лақтырып жатқандарын көрдік. Бір баклашка кетті ма, тағы кетті.

Қаладағы тәртіпке бас-көз бола алмаған полицияның бастапқыда әрекетсіздік танытқаны Мәжіліс депутаттарының қытығына тисе керек. Мұхтар Тінікеев бүгін соған жауапты ІІД бастығының қызметтен кетуін талап етті.

Мұхтар Тінікеев, Мәжіліс депутаты:

- Бірінші кезекте полиция бастығы жауап беруі қажет. Ол алдын-ала ұйымдастырылатын барлық шаралар жайлы біліп, әрекет етуі тиіс еді. Бірақ алдын алмай, зардабын жоюмен ғана айналысты.

Демалыс күнгі тәртіпсіздік барысында 165 адам ұсталып, тергелген. Қазір олардың алтауына қатысты тонау және бұзақылық дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандардың үшеуі кәмелет жасына толмаған, қалған үшеуі 18-ден енді асыпты. Ал келтірілген шығын көлемі - тек сауда орталығының өзіне 30 млн. теңгеден асып отыр.